Курчатов қаласы еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпалды
Абай облысындағы Курчатов қаласының болашағы зор. Әсіресе еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпалды. Өткен аптада депутаттар бұл өңірге «ғылым қаласы» мәртебесін беруді ұсынды. Ал Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Курчатов қаласында екінші АЭС-ті салу мәселесін қарастырып жатқанын айтқан. Кезінде ядролық сынақтар орталығы ретінде тарихта із қалдырған шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай, тұрғындарды мазалайтын әлеуметтік түйткілдер қашан тарқайды?
Біз 1947 жылы жабық ғылыми қалашық ретінде салынған Курчатов қаласындамыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей полигонын жапқанда Курчатов тұрғындары үйлерін тастап, жаппай көшкен болатын. Қазір мұнда қаңырап бос қалған үйлер мен тозығы жеткен нысандар көп. Дегенмен елімізде атом саласында жұмыс істейтін ғалымдардың басым бөлігі осы қаланың тұрғындары.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мұнда қаңырап бос тұрған 60 көпқабатты үй бар. Оның 30-ы жеке меншікке беріліпті. Кейбіреуіне жөндеу жұмыстары басталған. Мәселен, орталықтағы мына ғимарат қайта жаңғырып, жақында жастар орталығына айналмақ. Шаһар басшысының айтуынша, былтыр қала көшелері 100% жарықтандырылған. Ал биыл қазына есебінен жолдарды толық күрделі жөндеуге 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінген.
Болат Абдралиев, Курчатов қаласының әкімі:
-Кәсіпкерлерге жүгініп жатырмыз. Қалпына келтіріліп жатқан үйлерде бар. Қазір Қазақстанда талқыланып жатқан бағыт бар ғой, АЭС құрылысын салу. Біздің ядролық ұлттық орталығымыздың негізгі мақсаты – осы ядролық құралдардың қауіпсіздігін сақтау.
«Елімізге салынатын атом электр станциясындағы қондырғылар толыққанды зерттелген және қауіпсіз»,– дейді мамандар. Яғни 3 және 3+ реакторларының бірнешеуі қолданысқа енгізілуі мүмкін. Ал АЭС салынған дамыған елдер мен Абай облысындағы Ұлттық ядролық орталығындағы мамандар 4-ші нұсқасын зерттеуде.
Арман Ниязов, Ұлттық ядролық орталығы технологиялық құзіреттілік орталығының директоры:
-Ғылыми зерттеу жұмыстарын жоғарғы деңгейде атқару үшін біріншіден, сапалы қондырғылар, яғни сапалы құрылғылар қолдану керек. Микроскопия дейміз немесе сынақтан өскізу құрылғылары бар. Соларды біз арнайы мекемелерден аламыз. Ол жапондық өндірушілер, еуропаның өндірушілері, Америка құрама штаттары бізге келіп отырады. Сол қондырғылардың арқасында халықаралық деңгейге сай ғылыми нәтижелер алып, салыстыра аламыз.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қалада қазір 10 мың адам тұрады. Оның 20% ұлттық ядролық орталықта жұмыс істейді. Сарапшылардың айтуынша, Курчатовта АЭС салынып, жаңа статус берілсе қаланың екінші тынысы ашылады.
Алдияр Тоқтаров, атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығының төрағасы:
-Қазір қалада инфрақұрылым ақсап тұрғандықтан мамандар қаладан көшіп жатыр. Менің ойымша, АЭС салынса Курчатовтың жарқын өмірі басталады. Себебі атом станциясы салынған қалалар мен елдер бірден дамып, кәсіп орындар ашылып, оң өзгерістер тез болған.
Атом электр станциясының жұмысында уран қолданылады. Ал Ұлттық ядролық орталықтағы ғалымдарымыз тағы әлем таңданарлық жобаны жүзеге асырып жатыр. ТОКАМАК қондырғысында сутегін қыздырып ураннан 100 есе күшті қуат көзін алуға болады.
Франция қауіпсіз, қалдықсыз «Жасыл энергияны» алуға мүмкіндік беретін дәл осындай үлкен ТОКАМАК-ты салуға кіріскен. Бір мемлекеттің күші жетпейтін болғандықтан Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Индия, посткеңестік елдер бойынша тек Қазақстан мен Ресей көмегіне жүгінген. Дәл осындай үлкен ТОКАМАК-тың материалтану бөлімін Қазақстан зерттеуге кіріскен. Әлем бойынша мұндай құрылғының ешбір аналогы жоқ. Яғни Қазақстан 20 жыл бойы салып, 2017 жылдан бері жылына 3 рет сынақтан өткізуді бастаған. Ал нәтижесі былай:
«Ал 8 жылда ТОКАМАК-та материалды сынақтан өткізу үшін плазманы ұстап тұру уақытын 2 секундқа жеткіздік»,– дейді ТОКАМАК зертханасының жетекшісі.
Ержан Кашпаев, ТОКАМАК зертханасының жетекішсі:
-Негізі плазманың ұстап тұру уақыты 5 секунд болуы керек. Сол 3 параметрге жетсек, плазмалық параметр шамамен 30 миллион градусқа жетеді. Сол кезде ғана біз болашақ термоядролық реакторлардың бірінші қабырғасының материалдарын осындай зерттеуге болады.
Алдағы 5 жылда Қазақстанда энергия тапшылығы 30% жуықтайды. Ал мәселені атом электр станциясы мен ТОКАМАК толық шеше алады. Әзірге, дамыған елдер көмір жағудан гөрі атом энергетикасына сүйеніп отыр. Яғни Курчатов ресми ғылыми қалаға айналса, еліміздің атом саласындағы заманауи жетістіктері игілікке қызмет ете бермек.
Авторлары: Диана Қадыр, Қали Несіпбаев