Еліміздің 3 өңірінде халықаралық дәрежедегі туристік орын пайда болады
Елімізде туризм саласын дамыту басым бағыттардың біріне айналды. Президент тапсырмасынан кейін бұл бағытқа инвестиция тарту, әлемдік талапқа сай аймақтар құрылатын болды. Тек биылдың өзінде Алматы, Ақмола және Маңғыстау өңірінде халықаралық дәрежедегі туристік орын пайда болмақ. Ал алдағы 4 жылда 181 инвестициялық жоба іске асырылмақ.
Амантай Берденовтің Қобда ауданында тұрғызған қонақ үйі мен кемпингі биылғы туристік маусымға дайын. Бұл Ақтөбе облысында салған екінші нысаны. Ал өлкенің тұмса табиғаты мен тарихи ескерткіштері және есімдері аңызға айналған батырлардың қорымы көрген жұртты таң қалдырмай қоймайды.
Амантай Берденов, кәсіпкер:
- Менің айтқым келетіні - тағы да жоспарларымыз бар. Осы кемпингті әрі қарай дамытуға, халыққа қызмет етуге деген сияқты. 05:48. Астархан трассасынан да жер алдық. Енді ол жағынан қаражатқа байланысты әрі қарай салатын проектісін жасау керек деген сияқты сондай іс-әрекеттермен айналысып жатырмыз.
Өңірге сырттан келетін меймандар саны былтыр 176 мыңға жуықтаған. Сондықтан қонақ үйлерден өзге, жол бойындағы қызмет көрсету орындарына да көңіл бөлінбек.
Алмас Салықбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Кемпингтердің ашылуы жоспарлануда биыл. Тағы да осы екі кемпинг жолдың бойында класс «А» дейміз, ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, туристік бағыттарда орналасқан бізде мына нысандарға инфрақұрылымды біз жүргізу қажетпіз.
Туризм саласын дамыту - енді басым бағыттардың қатарында. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бұл саладағы жұмыстың мардымсыз екенін айтып, ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар атқарылуы тиіс деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет.
Туризмді дамыту үшін енді отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларды тартуға баса мән берілмек. Былтыр бұл салаға 947,5 млрд теңге инвестиция салынған. 87 жоба іске асты. Негізінен ішкі туризмнің қарқыны артып, 10 миллионға жуық адам саяхат жасаған. Елге 15,3 миллион адам келіпті.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің комитет төрағасы:
- 20 өңірде 20 нүктені анықтадық туризм бойынша. Бірақ та мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз елімізде үш аймақты халықаралық дәрежеде дамытуды жоспарлап отырмыз. Ол мынау Маңғыстау, одан кейін Щучинск- Боровской курорттық аймағы, үшіншісі Алматы тау кластері.
Саланы дамыту үшін тиісті заңға өзгерістер еніп, әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылымды салу құқығы берілмек. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие беру механизмі әзірленеді.
Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков.