Хабар телеарнасы

Өскеменде қоқыс полигоны қашан салынады?

Өскеменде осыдан 68 жыл бұрын ашылған қоқыс полигоны лық толып тұр. Алаңды жабу туралы мәселе талай мәрте көтерілгенмен, әлі күнге шешімін таппаған. Таудай болып үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтың зардабын сол маңайдағы тұрғын тартып отыр. «Әсіресе желді күндері қоқыс жан-жаққа ұшып, қоршаған ортаны жағымсыз иіс алып кетеді»,– дейді олар. Мәселе қашан шешіледі?

Степное кенті қала полигонының тура іргесінде тұр. Тау ішіндегі әдемі табиғаттың күл-қоқыспен көмкеріліп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Өңір тұрғыны Ақерке Жақсынбаеваның айтуынша, шашылған қоқыс салдарынан үй маңайына егеуқұйрықтар қаптап кеткен. Ал көктемнен бастап аймақты жағымсыз иіс жайлап, далаға шығып серуендеуден қаламыз дейді ол.

Ақерке Жақсынбаева, Восток ықшам ауданының тұрғыны:

-Крысалар жүгіріп жүргенін көрдім, одан кейін қазір көктем басталса маңайдың бәрі қоқысқа айналады. Бұл жерде, мысалы үшін жер көп, адамдар кеп үй салып тұруға болады, қоқыс полигоны арқасында жер алғысы келмейді деп ойлаймын.

Қоқыс полигонының толып маңайына шашылатындай жөні бар. Мұнда қазір 7 миллион тонна қалдық жиналған. Үсті-үстіне әлі де төгіліп жатыр. Өйткені қалада басқасын салатын ыңғайлы орын жоқ.

Жергілікті билік аумақты зерттеп, әзірге Степное кентінің іргесіндегі Ушанов ауылынан 3 шақырым жердегі учаскені межелепті.

Рашид Шерубаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

-Өйткені ол учаске қалдықтарды сұрыптау зауытынан қатты алыс емес. Сонысымен де өте тиімді болып тұр.

Алайда бұған Ушанов ауылының тұрғындары қарсы. Өйткені туристік аймаққа апаратын жолдың сәні кетеді деп алаңдайды.

Дәурен Молдамсейітов, Ушанов кентінің тұрғыны:

-Мына жалпы республикалық туризм саласына қарай даму керекпіз полигон емес. Себебі бізде таулы аймақ, туризм дамып келе жатқан аймағы. Көгілдір бұғаз, Большенарын, Приморск, Алтай деген туризм дамып келеді.

Ал әкімдік өкілдері болса, жаңадан салынатын полигонда заманауи технология талаптары сақталады деп сендірді. Тіпті жай ғана қоқыс алаңы емес, қалдықтарды өңдейтін ірі кешен бой көтеруі мүмкін. Дегенмен нысан қай жерге салынса да, алдын ала қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, халық пікірі ескеріледі.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов