Астанада «Адал адам – адал еңбек» жастар форумы өтті
Қазақстан бойынша 400 колледж болса, соның жартысына жуығында материалдық-техникалық база жақсарған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында енді бұл іс жанданып, кәсіби білім беру сапасы арта түседі. Бұл туралы «Адал адам – адал еңбек» форумында айтылды. Әсіресе өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласына қажетті кадр даярлауға басымдық беріледі.
Виктор Тильман-Жезқазғандағы тәжірибелі дәрігерлердің бірі. 90-ыншы жылдардағы тоқырауда өзге әріптестері секілді басқа салаға кетпей, керісінше салаға жаңашылдық енгізді. Осыдан отыз жыл бұрын еліміздегі тұңғыш отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны ашты. Бүгінде жасы жетпіске жетсе де жары Қалқа Көшерқызымен бірге өзі құрған амбулаторияда әлі күнге еңбек етіп жүр.
Виктор Тильман, жоғары санатты дәрігер:
- Кез келген адам өзінің балаларын, отбасын қалай сүйсе, отанын да солай сүюі тиіс. Отбасыңа, туған қалаңа жасаған еңбегің елдің дамуына серпін берері сөзсіз. Саналы ғұмырымызда шамамыз жеткенше елге қызмет қылуға тырыстық.
Виктордың өз ісіне адалдығы бұл саладағы үлкен мәселені шешуге сеп. Ол өңірдегі маман тапшылығының орнын толтыруға, жиған тәжірибесін кейінгі буынға үйретуге ат салысып жүр. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы 6 жылда еліміздегі түрлі салаға 400 мың кадр қажет болады. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және сауда салалары жұмысшыларға мұқтаж. Бірақ даярланатын кадр блікті болуы үшін берілетін білім сапасын арттыру басты міндеттің қатарында болмақ.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бірінші кезекте олардың оқитын материалдық техникалық базасын, оқитын орындарын жақсартуымыз керек. Бұл бір. Ауыл болсын, қала болсын, жағдай бірдей болу керек. Екіншіден, біз солардың алатын жалақысын, солардың жасаған еңбегінің шынымен құқнды екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде жасауымыз керек.
Тұрсынбек Мақышев, Қазақстанның еңбек ері, кенші:
-Бұл жұмысшы жылы жылда болуы керек қой. Бұл ұмытылмау керек. Өйткені өндірістің адамы, бюджетке, мемлекеттің дамуына үлесіміз үлкен ғой.
Биыл жастарға өз кәсібін ашу үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттк гранттар беріледі.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Азамат Саметов