Хабар телеарнасы

Шымкенттегі ерекше балаларға арналған жекеменшік орталықтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр

Шымкенттегі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жекеменшік орталықтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Оған арнаулы әлеуметтік қызметтерге лицензиялау жүйесінің енгізілуі себеп. Жүздеген ата-ана, баласының болашағына алаңдаулы. Өйткені қалада мемлекеттік орталықтар санаулы ғана. Олар көмекке мұқтаж балаларды түгел қамти алмайды.

Шымкенттегі ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жекеменшік орталықтар бірінен соң бірі жабылып жатыр. Бұл мегаполистегі жүздеген ата-анаға соққы болды.

Алина Мецгер, қала тұрғыны:

-Балаларымызды қалаған оңалту орталығына апаруымызға ешкім қарсы болмауы керек деп ойлаймын. Егіздерімнің дамуында тежеу бар. Сондықтан осында алып келемін. Біздің талабымыз жоғары жаққа жетсе деген тілегіміз бар.

Оңалту орталығында бір баланың күндік оқыту ақысы 8 мың теңге шамасында. Осыған дейін оның тең жартысын мемлекет беріп келді. Қалғанын ата-аналар төлейтін. Биылдан бастап бұл ереже өзгерді. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет лицензияланады.

Елена Фролова, қайырымдылық қорының президенті:

-Иә, біздің қаладағы осыған дейін мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп келген орталықтар түгел жабылды. Әрине, біз лицензиялау жүйесіне қарсы емеспіз. Бірақ оның талаптары үкіметтік емес ұйымдар үшін кішкене жеңілдетілсе дұрыс болар еді.

Лицензиялау ережесі бойынша жекеменшік орталықтарға штат санын көбейту міндеттелмек. Мысалы, 50 балаға арналған мекемеде 62 қызметкер жұмыс істеуі керек. Дәрігерлерден бөлек, бірнеше күзетші, бағбан, аула сыпырушы, электромонтер, қосалқы жұмысшылар және мемлекеттік сатып алу менеджері болуы шарт. Сондай-ақ 16 беттен тұратын материалдық-техникалық құралдарды сатып алу қажет. Оған физиокабинет пен жаттығу залын қосыңыз. Дегенмен әлеуметтік мекемелердің қызметін үйлестіру бөлімінің мамандары «балалар көмексіз қалмайды» деп сендірді.

Раушан Сейдақбар, әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы:

-Балалар өздері барып жүрген орталыққа үйреніп қалған. Сондықтан әлеуметтік мекемелерге қолдау көрсету жолдарын қарастырып жатырмыз. Жекеменшік мекемелердегі штат кестесін азайтып, министрлікке ұсыныс хат жолдадық.

Қазір Шымкенттегі үш мемлекеттік орталыққа 450 бала барады. Тағы 372 бүлдіршін жекеменшік оңалту орнының көмегін алып келген. Ал 18 жастан асқан жандарды қабылдайтын жалғыз мекеме лицензия ала алмаса, жабылып қалуы ықтимал. Сондықтан ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар «лицензия беру кезінде орталықтың жетістіктерін де ескерген деп жөн» дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов