Хабар телеарнасы

Елордада ІІ республикалық уағызшылар форумы өтті

Қоғамда ізгілікті насихаттаудың мәдениеті. Бұл елордада өткен уағызшылардың 2-ші форумының тақырыбы, яки ұстанымы. Діни қызметші жамағатқа рухани дүниетаныммен қатар жалпыұлттық, елдік құндылықты дәріптеуді мақсат тұтады. Себебі бабалардың аманаттап кеткен өсиеті сол. Дін мен дәстүр сабақтасу керек.

Жиын елдің Әнұранымен ашылды. Жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір көрінісі бұл. Залда елдің әр өңірінен келген 300 имам отырса, тағы 400 адам онлайн қатысты. Мақсат біреу.  Ізігілікті насизаттау, руханият, ағартушылық, дәстүр және отбасы құндылықтарын ұштастыру.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Өткен жылы Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда отбасында болып жатқан келеңсіздіктер жайлы мәселе қозғады. Аллаға шүкір, өткен жылы біздің имамдар 500-ден астам ерлі-зайыптылардың ақ некесін сақтап қалды. Бұл көркем уағыздың нәтижесі деп санаймын.

Форум аясында уағыз айту мәдениетіне қатысты ақпараттық оқу семинары өтіп, уағыз кезінде түсінбеушілік туғызатын, жамағатты адастыратын тақырыптарды қозғамау, біржақты пәтуә бермеу, дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығы алға қойылды.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Қазір енді бір адам сөйлесе, бүкіл әлем тыңдайтын жағдайға жеттік. Яғни ақпараттық технологиялар дамып кеткен замандамыз. Сондықтан қазір кез келген қателік бірден көзге түседі.  Сондықтан біз қазір ізгілік жаршысы деп айтудағы мақсатымыз көбірек жақсылықты айта берсек, дұрыс сөзді айтатын болсақ, дұрыс сөз көбейсе, жақсы істер көбейсе қоғамымыз жамандықтан Алла қаласа арылатын болады. 

Ізігілікті насихаттаудың әлқисассы әлбетте білімнен басталады. Себебі ол ақылға жол ашады. Ақыл иманға алып келеді. Ағартушылықтың негізінде ұлттық құндылықтар мен руханиятты ұштастырудың мәні осы.

Сансызбай Шоқанов, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти:

- Ақылдың үкімі бар, әдеттің үкімі бар, шариғаттың үкімі бар. Көп уағызшылар адаттың үкімімен ақылдың үкімін араластырып алады. Сөйтіп уағызды тыңдаған адамды қашырып алады. Адамда ақыл мен жүрек болмаса, ол шариғат оған орнықпайды. 

Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин арнайы келіп қатысты. Ол жалпыұлттық құндылықтар тұрғысынан бұл іс-шараның маңыздылығын тоқталды. Бірлік пен ынтымақ, заң мен тәртіп, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттаудың айрықша мәні бар екенін атап өтті. Атырау құрылтайында Президент көтерген бес әлеуметтік кеселді де тілге тиек етті. Себебі мұрат біреу.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Тілегіміз бір әрқашанда. Елдің бірлігі, ынтымағы.

Тілек демекші, форумның тағы бір айшықты сәті жиын соңын ала уағызшыларға тілек бұрышы ұйымдастырылып, делегаттар өз лебіздерін жазып қалдырды.

Берік Дүйсенбай, Азамат Сәметов