Елде гид мамандары тапшы
Елімізде гид мамандары тапшы. Ал экскурсовод жүргізушілеріне қойылатын талап қатаң. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің мәртебесін арттыру қолға алынған. Себебі шетел қонақтарына және отандастарымызға еліміздің бай тарихы мен құндылықтарын таныстыру, оларды қызықтыра білу осы маман иелеріне жүктелген.
Гид аудармашы, экскурсия жүргізушісі Гүлжан Есенбаева бұл жолы Калькуттадан келген қонақтарды күтіп алды. Үндістаннан келген саяхатшылардың сапары «Бәйтерек» монументінен басталды. Астананың көрікті жерлерін қазақ, орыс және ағылшын тілінде таныстыратын Гүлжан ханым сырттан келген қонақтар үлкен әсермен қайтатынын айтады.
Гүлжан Есенбаева, гид-аудармашы, экскурсия жүргізушісі:
-Әсіресе шетел қонақтары қатты қызығады. Былай айтқанда біздің тарихымыз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, бұрыңғы заманда қазақ халқы қалай өмір сүрген, қандай шаруашылықпен айналысқан дегендей... Әсіресе біздің мейрамханалар, біздің ас мәзірі қонақтарға өте қатты ұнады.
Ариндам Мухаббат, саяхатшы (Үндістан):
-Бұл менің Қазақстанға бірінші сапарым. Мемлекет, оның мәдениеті, халқы өте керемет екен. Қайта келеріміз анық.
Жылы елдерден келген қонақтардың біріне Астананың ақ ұлпа қары ұнаса, біріне Ұлттық музейдің ішіндегі жәдігерлер қызықты. Әсіресе «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залы көпшіліктің таңданысын тудырады.
Аяна Абаева, ҚР Ұлттық музейдің экскурсия жүргізушісі:
-Шетелдік қонақтар өздерінің таңданысын жасырмай бірден көрсетеді. Олар кәдімгідей қызығып, бірден сұрап кетеді. «Әрі қарай не болды?» деген сияқты. Мен үшін әрбір экскурсия саяхат секілді. Өйткені әрбір келген қонақпен сол бір залға кіргеннен бастап, әрбір жәдігерді айтқаннан бастап, кезең-кезеңмен тарихты көз алдынан өткізіп, сол кезеңде жүрген сияқты сезімді туындатамыз.
Көпшілік назарын өзіне аудартып, төл мәдениетіміз бен тарихымызды өзгелерге қызықты етіп жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан экскурсия жүргізушілерінің «Ақылына - көркі сай» болуы керек.
Айгүл Рахтаева, ҚР Ұлттық музейдің экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері:
-Ол жан-жақты болу керек. Білімді болу керек. Яғни терең білімді қажет етеді. Сонымен қоса, гуманитарлық ғылымды игерген болу керек. Оның ішінде педагогика, психология, тарих, археология, тіл маманы болу керек. Олар ағылшын, қытай түрік тілі деген сияқты тілдерді игеру қажет. Себебі біз осы ұлттық құндылықтарымызды өзімізбен халықпен қоса, шетелдік қонақтарға да насихаттауымыз керек. Түсінікті тілмен.
Олардың сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, жүріс-тұрысының өзі маңызды. Ал гид мамандары кейде бір емес, бірнеше күн туристердің жанында жүреді.
Гүлжан Есенбаева, гид-аудармашы, экскурсия жүргізушісі:
-2-3 күндік турлар болғанда таңертеннен кешке дейін біз өзіміздің барлық отбасымызды, өзіміздің басқа шаруаларды ұмытып, осы қонақтармен бірге жүреміз. Ауа райы, қазір бізде қыс мезгілінде Астанада өте қиын. Әртүрлі ауа райында желде, боранда, аязда да шығып, әрбір гид шығуға келіспейді.
Міне, сондықтан болар елімізде гид мамандары тапшы.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh tourism» ҰҚ» Басқарма төрағасының орынбасары:
-Бүгінгі таңда жалпы гидтердің біздің елімізде жетіспеушілігі байқалады. Өйткені ашық ақпаратқа сүйенсек, 300-ден астам біздің өкілдер гид ретінде жұмыс істейтін болса, ресми рейстерде бүгінгі күні 80-нен астам ғана гид тіркелген.
Осындай олқылықтарды түзеу үшін бүгінде жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Онда гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің мәртебесін арттырып, олардың санатын анықтайтын нормалар болмақ. Бір сөзбен айтқанда, елімізге сапалы, білімді, тұрақты мамандар қажет. Себебі бұл мамандық иелері шетелден келетін қонақтарды қарсы алып, оларға біздің елімізді таныстыратын алтын көпір. Яғни ел туризмінің дамуына сеп болатын мамандар. Бұл дегеніміз –қазынаны толтырудың бір тетігі.
Авторлары: Алуа Маханбет, Айбек Ақшолақов, Дархан Күнтуов