Хабар телеарнасы

Елімізде киік саны еселеп артуы мүмкін

Мамандардың болжамы бойынша көктемгі төлдеу кезеңінен кейін 4 млн-ға жетеді. Бұл егін мен мал өсіріп отырған шаруаларды алаңдатып қойды. Әсіресе Батыс Қазақстан өңіріндегі ауылдықтар тағы да шығынға бата ма деген күдік бар. Ақбөкенмен бетпе-бет қалған ағайынның жағдайы Парламент Мәжілісінде айтылды. Ал дала жануарының санын реттеуге қатысты әлі тың тәсіл табылмай тұр. 

Асылтұқымды мал өсірумен айналысатын Руслан Сисенғалиев қазір торлы қоршау жасайтын цех ашқан. Жобаға 100 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған қожалық иесі бұл іске амалсыздан барып отырғанын айтады. Себебі Бөкей Орда ауданындағы өзіне тиесілі жайылымдық және шабындық жерлерін киіктер жыл сайын таптап кетеді. Салдарынан былтыр әдеттегіден аз шөп жинаған. 

Руслан Сисенғалиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Бұл енді дүниежүзінде тәжірибеде көрсетілген нәрсе. Біздің ойлап тапқанымыз емес. Енді мысалы, шаруашылыққа зиян келмес үшін. Бұны қоршағаннан шаруашылықтың жеріне жабайы аң кірмейді. Сол жерлерге біздер неге шөп егіп, екпе шөптер еккіміз келеді.   

Ақбөкеннің көптігінен былтыр осы Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында төтенше жағдай жарияланған еді. Шаруалар мен ауылдықтарды жем-шөппен қамту үшін әкімдік 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Құрылған жұмыс тобы жағдайды әлі бақылап отыр. Ал өңірдегі мәселені Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ресми дерекке сүйенсем, 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 млн-нан асқан. Алдағы 2 жылда киіктің саны 5 млн-нан асады деген тағы бір болжам бар. Батыстағы ақбөкендер санын реттеуге келгенде жауапты орындар мойындарына жауапкершілік алғысы келмейді. Киіктің киесі ұрмасын десек, биыл нақты шешім қабылдау қажет. Себебі ақбөкен мен адамды жайылымға таластырып кетудің салдары ауыр болуы бек мүмкін.

Мамандардың айтуынша, киікті пайдалануға мораторий жарияланған 2003 жылы оның саны 21 мың бас болған. 2024 жылғы ресми дерек бойынша 2 млн 800 мыңнан асады. Ал биыл көктемгі төлдеу кезеңінен кейін 4 млн-ға жуықтауы мүмкін деген болжам бар. Әрі әлемдегі ақбөкеннің 95 пайызы Қазақстан аумағында көрінеді. Қалғаны Ресей, Өзбекстан және Моңғолияда.

Бақытжан Исахаев, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Қандай да болсын басын шектеу бойынша шаралар негізі қабылдануы қажет. Оған халықаралық ұйымдар бар, келісімшарттар бар, негізінде оған қазір қолжетімсіз. Емін-еркін жүру, халықаралық шарттарға сәйкес жүру бойынша біз қамтамасыз етуіміз қажет. Сол себептен қазір Ресей тарапынан, Қазақстан тарапынан шекаралық сымдардың киік өтетіндей жерлерін ашу бойынша емін-еркін өтуіне жағдай жасап жатырмыз.

Қазір ел бойынша киіктен шаруаға қанша шығын келгені туралы деректі нақты айту қиын. Дегенмен биылдан бастап  ауыл шаруашылығы жерлерін ақбөкендердің таптауына қарсы қоршауларды орнатқан кезде мемлекет тарапынан субсидия берілмек. Ал дала жануарының санын реттеу үшін ғылыми негіз жасалмақ.

Константин Плахов, ҚР Зоология институтының орталық меңгерушісі:

- Бұл мәселеге баса мән беріп, киік санын реттеу керек. Себебі Батыс Қазақстанда оның саны кеңестік кезеңдегі мөлшерден асып кетті. Далада өлекселердің табылуы да малдар арасында қауіпті ауру таратуы мүмкін. Әрине, 2029 жылға дейін салынған тыйым бар екенін білеміз. Сондықтан баса мән беру қажет.

Мамандар айтуынша, қазір шаруаларды шығынға батырмайтындай, әрі киіктің де обалына қалмайтындай тың тәсіл табу міндеті тұр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айдос Меделбеков