Әлеуметтік желіде өзгенің ар-намысына тіл тигізіп, жалған ақпарат таратпаңыз, тіпті онымен бөліспеңіз! Бұл үшін жазаға тартыласыз. Алдағы уақытта жаза түрі қатаңдауы да мүмкін. Себебі бұл істі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назарға алып отыр.
Көкшенің төрінде өткен IV Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп мәселеге тоқталып өтті. Соның бірі бүгінде қоғамның айнасына айналған әлеуметтік желі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар да бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек.
Әлеуметтік желіге жеңіл-желпі қарап, түрлі посттар жазатындар аз емес. Ал шын мәнінде бұл бір емес, миллиондаған адам көз тігіп отырған «ашық алаң».
Ардақ Әбеуова, заңгер:
- Өзімде практикамда болған нәрсе. Маған бір адам келіп, «Мен осындай бір адамға, екінші адамға қарыз болып қалып едім. Енді қарасам, инстаграмда менің жеке куәлігімді салып, алаяқ деп жазып қойыпты», - дейді. Ал алаяқтық бізде заңды күшіне енген, сот үкімімен ғана ол алаяқ бола алады. Сот үкімі жоқ па, оны бостан босқа жала жауып, ар намысына тиетін «публикациялар» жасауға болмайды.
Осылайша біреуге тіл тигізіп, ғайбат сөйлемеген дұрыс. Ол үшін жаза арқалап кетуіңіз мүмкін. Тіпті өзгені даттаймын деп өзіңіз моральдік шығын өтеп, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жүрмесеңіз игі.
Ардақ Әбеуова, заңгер:
- Әртүрлі жаза болады. Мысалы, жаңағыдай жала жапқан жағдайда бізде Қылмыстық кодексте көрсетілген енді штрафтардың мөлшері әртүрлі ғой. Ол баптардың тармақтарына байланысты 200 АЕК, не болмаса, сол мерзімге қоғамдық жұмысқа тартылады. Ал егер де әкімшілік жауапкершілік болса, айыппұл төленеді. Айыппұл мемлекеттің пайдасына төленеді. Ол сот қаулысы күшіне енгеннен кейін мәжбүрлі түрде орындауға жіберіледі. Әрі қарай жәбірленуші жақ мен бағана айтып кеткендей азаматтық сотқа беріп, моральдік залалады өндіруіне болады.
Бұл буллингтің бір түрі. Сондықтан оған бей-жай қарамау керек. Салдары қиын болуы мүмкін, - дейді психолог мамандары.
Гүлзат Асанова, психолог:
- Буллинг бар жерде – ол зорлық-зомбылық деген. Ал зорлық-зомбылық дегеніміз – басқа адамға жасалып жатқан психологиялық жарақат негізі. Бірақ әр адамға ол әртүрлі болады. Кейбір адамдар оны қатты уайымдауы мүмкін, кейбірі уайымдамауы мүмкін. Сонда да соны жазып жатқан адам ойлануы керек.
Әлеуметтік желіде әсіресе диванда жатып, сын айтатындар көп. Не өзі еңбек етпейді, не өзгеге мүмкіндік бермейтіндер. Алайда олардың жалған ақпаратына сеніп, соңына еріп кететіндер аз болмай тұр.
Бекзат Алтынбеков, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:
- Елдің ішіндегі бірлікті, тыныштықты сақтауда әлеуметтік желілердегі кез келген жариялымдар тікелей әсер ететін факторлардың бірі болып отыр. Осыған біз қазіргі таңда сақ болмайтын болсақ, біз түптің түбінде көп нәрседен ұтылып қалатынымызды уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Сондықтан жауапкершілікті арттырып, заңды қатаңдататын және құзыретті органдардың жұмысына жүк түсетін кез келді, - дейді мамандар.
Алуа Маханбет, Руслан Тәуірше