Ал оңтүстікте көктемнің ғұмыры қысқа, күн ысып, бірден жаз шығып кетеді. Сондықтан шегірткелер ерте қимылдайды.
Биыл Түркістан облысында 372 мың гектар аумақта зиянкеске қарсы өңдеу жүргізіледі. Былтыр кей ауданда шегіртке егістік алқаптарын жайпап, шаруалар шығынға батқан еді. Биылғы дайындық қалай? Тілшіміз Жандос Жұмабек баяндасын.
Түркістан облысында шегірткенің ең үлкен ошағы Сарыағаш, Келес, Шардара, Ордабасы, Қазығұрт және Арыс қаласының аумағында орналасқан. Жұмысшы топ өкілдері Арыс қаласы Қожатоғай ауыл аймағындағы жедел штабта болып, зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын пысықтады. Жайылымдық жерлердің картасы әзірленіп, 65 аумақта жұмыс күші жасақталды. Химиялық өңдеу жүргізетін техникалардың жай-күйімен танысты.
Нұрбол Бекмұратов, облыстық аумақтық инспекция басшысы:
-209 су көздері, 45 водовоз, 40 жанармай таситын автокөліктер және облыстық Төтенше жағдайлар депаратментінен қосымша су таситын 20 автокөлік ұйымдастырылып отыр. Қазір біздің жоспарымыз бойынша көктемгі зерттеу жұмыстары басталды.
Былтыр дәрілеу, өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен, зиянкестер егіс алқаптарын отап кеткен еді. Биыл жауаптылар ерте қамданбақ. Әр жұмысшы топқа 5 техника мен 325 бүрку құралдары берілген. Залалсыздандыру шараларына екі мыңнан аса адам тартылмақ. Әр ауданға облыстық басқармалар мен мекеме басшылары жауапты.
Нұрбол Тұрашбеков, облыс әкімінің орынбасары:
-Нақты кім қандай жұмыстар атқарады, қандай техникалармен жұмыс жүргіземіз? Бүгін осы бағытта дайындық жұмыстарын пысықтадық. Алдағы сәуір айының басынан өңдеу шараларына толық кірісеміз деген жоспармыз бар. Былтыр бізде 400 мыңнан астам гектарды алып жатқан болса, биыл да болжам орталығы сол жобада болады деп күтілуде.
«Болжам әдістемелік орталығы» зиянкестерді анықтаушыларға жұмыс істеу тәртібін үйретіп, дайындықтан өткізді. Сондай-ақ 65 жұмысшы топқа алқап басынан жатын орындар әзірленді. 3 мыңға жуық жайылым жер иелеріне хабарлама беріліп, олар да анықтау шараларына тартылды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш