Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна іске қосылады

  • 111
  • 16.04.2025, 18:34

Орталық Азия елдеріне ортақ телеарна мен өңірлік медиаплатформа іске қосылады. Бұл туралы Астанада өткен II Орталық Азия медиафорумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлім етті. Тараптар бірлескен контент дайындау бойынша нақты шешімдер қабылдады. Сондай-ақ медиа саласында өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірнеше жүйелі ұсыныстар айтылды.

Атап айтсақ, Орталық Азияның журналистік академиясын құру,өңірлік креативті хаб ашу, сондай-ақ журналистерге Орталық Азия сыйлығын тағайындау сынды маңызды бастамалар көтерілді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Былтыр Астанада өткен консультативтік кездесуде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірлескен медиаөнімдерді жасау туралы бастама көтерді. Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтық әлеуетті дамыту үшін осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды дайындау идеясын қолдады.

Форумға 10-нан астам елден 700-ден аса делегат қатысты. Медиа саласының майталман мамандары бірлескен жобалар мен контент жасау мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты. Ортақ деректі фильмдерден бастап зияткерлік бағдарламаларды біріктіру сынды бастамаларды көтерді. 

Ван Бин, «Қытай Медиа Корпорациясы» АҚ Еуразиялық бюросының директоры:

- Бір-біріміздің мәдениетімізді жақсырақ білу үшін ортақ деректі фильмдер жасау маңызды деп ойлаймын. Былтыр медиа корпорациямыз «Хабар» Агенттігмен бірлесіп, қазақ туризмі жайлы деректі фильм жасаған еді. Ол Қытайда көп қаралым жинап, үлкен қызығушылық тудырды. Биыл әріптестеріміз тағы да Қазақстанға келіп, жаңа деректі фильм түсіруге ниетті.