Ғалымдар: Таудағы қар жылдағыдан аз

  • 84
  • 18.04.2025, 19:17

Қазақстандық гляциологтар Солтүстік Тянь-Шань тауларында далалық бақылау маусымын бастады. Жосалы Кезең асуында қардың қалыңдығы зерттеліп, қыс бойы жауған жауын-шашын мөлшері анықталды. Бұл деректер су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруін зерттеу үшін қажет. Гляциологтар биыл алғаш рет дрон қолдана бастады.

Жосалы Кезең асуы теңіз деңгейінен 3330 метр биіктікте орналасқан. Сәуірде мұнда қар әлі қалың.  Сондықтан гляциолог-ғалымдар далалық бақылау маусымын дәл осы айда бастайды. Асуда  бірнеше ғылыми мекеменің мамандары жұмыс істейтін ірі ғылыми база бар. Биік таулы геокриологиялық зерттеулер үшін  дрондар қолданылады. Дронмен зерттелетін аумақ шамамен 5 шаршы шақырым.Түсіру жұмысына бір жарым сағат уақыт кетеді. Дрон автономды түрде, геонүктелер бойынша ұшып, жер бедерін айналып өтеді. Әр 20–30 минут сайын дрон базаға оралып, аккумуляторы ауыстырылады.

Фотех Рахимов, биік таулы геокриология зертханасының инженері:

- Таудағы жұмысты жел мен жауын-шашын қиындатады. Бірақ біздің дронымыз желдің жылдамдығы секундына 15 метрден асқанша ұша береді. Егер жел епіні күшті  болса дронның жұмысы тоқтатылады.

Ғалымдар биыл тауда қар аз жауды,-дейді. Мұздықтардан бастау алатын өзендер — өңірдегі тұщы судың негізгі көзі. Түскен қардың көлеміне байланысты олардың деңгейі де өзгереді.  Ғылыми деректер — су ресурстарын тиімді басқару үшін аса қажет. Мысалы, ол ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін есептеуде қолданылады. Алынған ақпарат еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі мен өзге де салалық мекемелелерге жолданады.

Тахир Балықбаев, Орталық Азия аймақтық гляциология орталығының директоры:

- Таудан ағатын судың 80 пайызы ол қар мен мұздықтардан еріген су болатын болса соның ішінде қар ресурстары сулары олар бізде 50 пайызын алады. Сол себепті бұл су желілерін, суды басқару жүйесіне, суды пайдалану жүйесіне болсын солардың барлығына толғымен пайдаланады.

Ал ЮНЕСКО аясындағы ғылыми құрылымдар бұл деректерді жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты іргелі зерттеулер үшін пайдаланады. Іле Алатауындағы келесі далалық жұмыс барысында   Тұйықсу мұздығының қалыңдығы өлшенеді.

Авторлар: А.Садуақас, Г.Беденко, Р.Жақыпов.