Қоғамдық көлікке басымдық: Алматыда жаңа жоба жүзеге асады

  • 48
  • 23.04.2025, 18:43

Мегаполистегі көлік кептелісі көшелерді кеңейтумен шешілмейді. Тығырықтан шығар жол - қоғамдық көліктерге басымдық беру.

Биыл Алматы әкімдігі Райымбек даңғылында BRT желісін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. 17 шақырым болатын арнайы жолақ жолаушылар легін арттырып, тұрғындарды автобуспен жүруге ынталандырады. Сарапшылар көлік кептелісін шешудің тағы қандай жолын ұсынады?

Райымбек даңғылы Алматының батысы мен шығысын жалғап тұр. Ертелі кеш кептелістен көз ашпайды. Енді даңғылға BRT желісі салынса, қоғамдық көліктер арнайы жолақпен қозғалады. Тек жол ғана емес, жоба бойынша аялдамалар қайта жасалып, жасыл желектер егіліп, тіпті ғимараттардың қасбеттері жаңартылады. 

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Жаңа BRT желісінің құрылысы мына тұрған Райымбек даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысынан басталады. Дәл осы қиылыста көлік кептелісі жиі болады. Себебі қала сыртынан келетін көліктер осы жерде тоғысады. Енді мұнда Алтын орда базарына дейін созылатын ұзындығы 17 шақырым арнайы жолақтар салынады, ол жолақтармен ұзындығы 18 метрлік автобустар жүреді. Мақсат — алматылықтарды жеке көліктен қоғамдық көлікке көшіру.

BRT желісі бұған дейін Тимирязев көшесінде салынған. Адамдар қазір еркін қозғалатын автобустың игілігін көруде. Әкімдіктің мәліметінше, жолаушылар легі 40 пайызға артқан. Сондықтан тұрғындарды тиімді көлік түрін пайдалануға ынталандыру маңызды. Алайда жеке көлікті таңдағандар кептелістен құтылу үшін қоғамдық көлікке отыруға дайын ба? 

Көлік кептелісі әлемдегі ірі мегаполистердің бәрінде бар. Мәселені инфрақұрылымды дамытпай шешу мүмкін емес. Сондықтан қазіргі бар жолдың өткізу қабілетін арттыру керек. Таңғы және кешкі уақытта автобустардың жиі қатынағаны жөн. 

Артур Шахбазян, Алматы қ. Көлік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы:

- Жолды кеңейтудің орнына инфрақұрылымды интенсивті түрде дамыту қажет. Мысалы, бір жеңіл көлік 4–5 адамды таси алады, ал бір автобус 90–110 адамды тасымалдайды. Сонымен қатар қоғамдық көлік жол бойында әлдеқайда аз орын алады.

Жол қозғалысын зерттеген сарапшылар қаладағы көлік кептелісінің бір ұшы жұмыс күшінің бір жерге шоғырлануында, - дейді. 

Любовь Нысанбаева, Қазақстан Қала құрылысшылаы  одағының  президенті:

- Әрине, адамдардың тұратын жеріне жақын маңда жұмыс орындарын ашу керек. Себебі күн сайын таңертең жолға үш сағат уақыт жұмсау мүмкін емес.

Райымбек даңғылына салынатын BRT желісінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жұмыс уағында көлік қозғалысы ішінара шектеледі. 

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев