Мәншүк Мәметованың ерлігі мен есімі ұрпақтарға ұлықталады

  • 23
  • 06.05.2025, 18:35

Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары нәзік жандар да ерлермен бірге ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғысқа Орал өңірінен 1200 ару аттанған еді. Соларың бірі Мәншүк Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. Небәрі 21 жасында ерлікпен қаза тапқан қаһарман қыздың есімі ел есінен ешқашан өшпек емес.

Бүгінде қаладағы орта білім ордаларында Мәншүктану курстары өтеді, жыл сайын Мәншүк атындағы спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылады.

Мәншүк Мәметова атындағы №27 орта мектептің 5 сыныбында дәл қазір Мәншүктану курсы өтіп жатыр. Мұнда оқушылар қаһарман қыздың өмірбаяны мен ерлік жолын дәріптейді. Мәншүк туралы жырлар жаттайды. 

Ақкүнім Жақсыгерей, №27 мектептің 5-сынып оқушысы:

- Бұл Отанның ер қызы батыр Мәншүк,
Өзінің қатарынан шыққан артынан.
Айқаста оқ боратып, пулеметтен,
Ажал төгіп қырды ол жауды шаншып.

Ержүрек қайраты мол батыр туған,
Мәнсия қыз жасайсың миллион жылға!
Қалдырдың болашаққа өшпес үлгі,
Ерлігің қанат береді біздің жырға.

Орал қаласы Сарайшық көшесіндегі №51 үйде Мәншүкті асырап алған ата-анасы Ахмет пен Әмина 1932-34 жылдары тұрған. Осы ғимаратта 1982 жылы Мәншүктің мемориалды музейі ашылды. Бастапқыда мұражай небәрі 300 экспонат болса, қазір 11 мыңға жуық жәдігер бар. Үй ішіне Мәметовтер отбасы пайдаланған бұйымдар қойылған. Төргі бөлмедегі төсек, дөңгелек үстел, тіпті шыныаяқтарға дейін Мәншүктің қолы тиген. Батырдың анасына: «Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін»,- деп жазған соңғы хаты да осында. Қаһарман қыз 1943 жылдың 15 қазанында Невель түбінде қаза тапты. 

Ахмедияр Батырханов, Мәншүк Мәметова музейінің меңгерушісі:

- Ахметқазы Болатов соңғы тірі көрген. «Бізге шегінуге бұйрық болды. Шегініп келе жатып, Мәншүкті 3-4 метр қашықтықтан көрдім. Мәншүк бәрін таста, шегінейік, - дегенде, «жоқ бәріміз шегінсек, атойлап келе жатқан жау бәрімізді құртады, сендер шегіне беріңдер, мен жауды тоқтата тұрамын деп қалды», - дейді. 

Мәншүк туралы зерттеулер аз емес. 1944 жылдан бүгінге дейін 768 мақала шыққан. Дегенмен әлі күнге оның өмірдеректері нақты анықталмапты. Туған күні қазір 2 қазанда атап өтілгенімен, бір деректерде 13 қазан, енді бірінде 13 қараша деп берілген. Туған жеріне қатысты да түрлі мәліметтер бар. 

Ахмедияр Батырханов, Мәншүк Мәметова музейінің меңгерушісі:

- Туған жері де әртүрлі. Алматы қаласындағы архивтер Орал облысы, Орда ауданы, Мешітқұм ауылдық кеңесі, Өркен колхозы дейді. Бір архивтік құжатта Алматы қаласында дүниеге келген дейді. Тағы бір деректе Орда ауданы Жиекқұм ауылы дейді. Ал апамыздың 1943 жылы 27 тамыз күні өз қолымен жазған өмірбаянында Жәнібек ауданы дейді. Осындай қарама-қайшылық көп.

Өлкетанушы Ахмедияр Батырханов Мәншүк Мәметова туралы зерттеулердің келешекте жалғасатынын айтады. 

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Б. Жарылғасов