Қазақ-араб форумында 20 коммерциялық құжатқа қол қойылды

  • 129
  • 12.05.2025, 18:37

Қант зауытынан бастап перзентхана құрылысына дейін қаражат құямыз. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері форумына келген абу дабиліктердің амбициялары көп. Энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, көлік логистика сияқты сан қырлы салаларда серіктес болайық деп келіпті. Қазірдің өзінде жалпы құны 6,5 миллиард АҚШ доллары болатын 40-тан аса жобаға қатысып жатқан әмірлік бизнесмендері байланыс аясын кеңейте беруге бейіл. Арабтардың арқасында Астанамыз қалай смарт қалаға айналады?  

Астанадағы халықаралық қаржы орталығы ғимаратының ішін шахмат тақтасына ұқсаттық. Ақ киінген арабтар мен қара костюм киген қазақтың бизнесмендері. Өзара ілтипат ықылас ерекше. Таңмен таласып бәрі шай ішті әуелі. Алыс-берістің жайы шай үстінде шешілетіні заңдылық қой, оның үстіне екі тарап та қарым-қатынасты тереңдетуге ниетті. Дәл қазір Абу Дабие кәсіпкер қалған жоқ деуге болатын шығар, бәрі Астанаға кеп алған. 

Хумайд бен Сәлем, БАӘ сауда-өнеркәсіп пдалаталары федерациясының бас хатшысы:

-Бүгін Үкіметпен бірге үлкен делегация келді, елдегі жеке бизнес өкілдерінің 70-80% осында. БАӘ-нің жекеменшік секторында Қазақстанның сауда экономикалық палатасымен өзара түсіністік жөнінде бірнеше меморандум бар. Одан бөлек Дубайда ашылған қазақ бизнес орталығымен де келісім бар. Оның сыртында дипломатиялық байланыстардың тереңдігі екі ел бизнес өкілдерінің ықпалдастығына берік негіз ретінде алыс-беріс аясын кеңейтуге үлкен мүмкіндік ашады.  

Форумның негізгі ашылу жиынынан бөлек 4 панельдік сессияға бөлінді. Айта кетейік, екі ел арасында миллиардтаған доллардың жобалары іске асып жатыр. Одан бөлек талқылайтын тақырып пен саралайтын салалар бар. Араб инвесторлары, көлік және логистика, қаржы, ІТ саласын қамтитын жобалармен қатар жаңартылатын энергия бағытын қаржыландыруға мүдделі.  

Мәселен, Маздар компаниясы Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт Жел электр стансасын салуға атсалысуда. Жоба үкіметаралық келісім негізінде іске асып жатқандықтан еліміздің парламенті ратификациялап, Президент бүгін сәйкес заңға қол қойды. Экологиялық таза қуат көзінің игілігін көруге аз уақыт қалды.   

Мұрат Қарымсақов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:

-Жасыл энергетика саласына бағытталған инвестициялардың маңызы зор. Жамбыл облысындағы жел электр стансасының құрылысы биыл аяқталып, 1 гигават электр қуатын береді. Бұл өте ауқымды жоба.  

Мемлекет басшысы суперкомпбтерді жасау міндетін қойғаны баршаға мәлім. Жасанды интеллектіні жасай алатын Араб компаниясы бар. Қазақстандағы тұңғыш суперкомпьютердің жасалуына Әмірліктер әрекет етпек.   
 
Мақсат Көшімбаев, «Presight Ai Kazakhstan» компаниясының аймақтық директоры:

-Жасанды интеллектіні дамытуға не қажет? Адами капитал, қажетті инфрақұрылым мен мәлімет көптігі. Бұның бәрі елімізде бар. Енді суперкомпьютердің көмегімен жасанды интеллектінің бірыңғай экожүйесін құра аламыз. 

Арабтық G42 тобына кіретін бұл компания жасанды Астанада Smart City зияткерлік платформасын құрумен де айналыспақ. Яғни 100 млн доллар инвестиция құйылған соң елордамыз алдағы уақытта Смарт қалаға айналады, яғни оның цифрлық егізі пайда болады. Қаладағы барлық қызметтер цифрлық платформаға көшіріледі. Бұл шаһардың ішіндегі кептеліс, өрт оқиғалары, жедел жәрдем, жалпы тіршілікке қатысты қозғалыстың барлығы енді сандық технология көмегімен реттеледі. Әмірлік арабтары өзге де бағыттарға да қаржы құюға ниетті.  

Ренат Бектұров, «Астана халықаралық қаржы орталығының» басқарушы директоры:

-Абу-Даби Ports Group деген эмираттық компания өте белсенді. Қазір Құрық портында бидай терминалына 30 млн-дай доллар салған болса, енді универсалдық терминалға да 100-ден астам млн қаржы салмақ. Бұл тек қана бастамасы деп білемін. Әлі де бүгін келіп отырған компаниялардың ішінде елімізге қызығушылығы жоғары, әлі жоба бастамаған көптеген компания бар.  

Астана халықаралық қаржы орталығында БАӘ-нің 46 компаниясы тіркеліп, ақпараттық технологиялар, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, агросала мен өзге де бағыттарда табысты жұмыс істесе 300-ге тарта қазақ компаниясы Әмірліктер аумағында бизнестерін өрістетуде. Сол себепті екі елдің үкіметтері өзара алыс-берісті 1 млрд долларға жеткізуге мүдделі.

БАӘ екіжақты сауда-экономикалық байланыстар орнағалы бері біздің елімізге 4 млрд доллардан аса тікелей инвестиция салған. Оның сырында еліміздің әр өңірі мен түрлі салаларда 40-тан астам инвестициялық жобалар іске асып жатыр. Олардың жалпы құны 6,5 млрд доллардан асады. Бұл бірінші кезекте жаңа технологиялар келеді, сосын жүздеп, бәлки мыңдап жұмыс орындары ашылады деген сөз.  

Ренат Бектұров, «Астана халықаралық қаржы орталығының» басқарушы директоры:

-Халықаралық қаржы орталығы оның ішінде біздің биржамызда да екі мемлекеттің қаржы нарығы арасында үлкен көпір орнатуға белсенділік танытып жатырмыз. Естіген шығарсыздар жақында Еуразия даму банкі дирхаммен алғаш облигациялар шығарды. 185 млн дирхам. Ол 50 млн долларға жуық. Бұл тек қана бастамасы. Әлі 700 млнға дейін облигация шығаруға ойлары бар. 

Мұның сыртында біздің еліміз Абу Даби қор биржасымен бірге Nasdaq Dubai биржасымен де әріптестік орнатқан, енді тікелей сауда жасауға болады. Бұдан бөлек 2000 МВ-қа дейін энергияны сақтау жүйесі мен тәулік бойы қуатпен қамту жобалары бойынша келісім жасалды. Арабтар қант зауытымен қатар Түркістанда перзентхана құрылысын қаржыландыруға келісті. Жиыны қазақ-араб форумында тараптар 20 коммерциялық құжатқа қол қойды. 

Берік Дүйсенбай, Азамат Сәметов, Жандос Битабаров