Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы барлық өңірге ортақ ас берудің дастархан мәзірін әзірледі. Арнайы тізім Астанада өткен имамдар форумында қаралып, мүфтияттың ресми құжаты ретінде бекітілді. Соңғы уақытта қаралы жиындардағы ас беру бәсекеге айналып барады. Ал асыл дінімізде «жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер» делінген. Осыны негізге ала отырып, дастархан бірізділендірілмек.
Имамдар мен ғалымдардың пікірінше, үстелде тәтті бәліш, жеміс-жидек, салат сынды тағамдар болмағаны жөн. Рұқсат етілген әрі ұсыныс ретінде жасалған мәзірге 6 ас енді. Олар келесідей. Нан өнімдерінен бауырсақ пен шелпек. Шәй мен су. Ыстық тағамнан ет немесе күрішті, яғни палауды таңдауға болады. Сондай-ақ тізімде сары май, тары, талқан, қант пен кәмпит бар.
Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
- Біздікі насихат ретінде болмақ. Халқызым қолдаса, бірге бірізділікке түсірсек деп айтқым келеді. Қазіргі таңда да мысалы, Түркістан облысында, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарында бірізділікке түсіп келе жатыр, Аллаға шүкір. Басқа облыстарда да бар. Ас беру қайтыс болған адамның рұхына сауабы тиетін, қайтыс болған кісінің жақындарының көңілін жұбататындай дәрежеде өтуі керек.