Атыраулық көпбалалы ана сүйікті ісін жеке кәсіпке айналдырған

  • 40
  • 15.05.2025, 18:57

Көпбалалы аналар отбасы ошақ қасындағы тірлігінен бөлек жеке бизнеске де ден қоя бастады. Мәселен, атыраулық Әйгерім Аташева сүйікті ісін жеке кәсіпке айналдырған. Отбасы қолдауының арқасында кондитерлік дүкен мен кофехана ашқан. Ұл-қыздарының тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Бақытын еңбектен тапқан үлгілі отбасы жайында тілшіміз Асланбек Шығыр әңгімелейді.  

Әйгерім Аташева 2017 жылы үйінен торт пісіріп бастаған. Міне, қазір кәсібін дөңгелетіп, кондитерлік дүкен мен кофехананың иесі атанды. Кәсіпкердің жары Марсель Төлеуішов үнемі қолдау көрсетіп, қалаған кәсібімен айналысуына қарсылық білдірмеген. 

Әйгерім Аташева, көпбалалы ана:

-Мен үйден торт пісіріп бастадым. Мен тортты пісірсем, ол сол торттарды доставка жасап жүрді және де ешқашан маған тыйым салмады. Өзіңе ұнаса, өзің қалап тұрсаң жасай бер деді. Өз басым кәсіпкер болсам да, балаларды бірінші орынға қоямын. Әрқашан да жолдасым мен балаларым менің ең бірінші болады өмірімде. 

Марсель мен Әйгерім 4 бала тәрбиелеп отыр. Оларға үнемі көңіл бөліп, түрлі үйірмеге апарады. 12 жастағы үлкен қызы мәнерлеп сырғанау шебері. Ал кенжесі 6 жастағы ұлы биыл мектепке барады. Олардың білімді, өнерлі боп өсуіне ата-анасы бар жағдайын жасап жүр. Отағасы Марсель алдындағы ағаларын үлгі тұтатынын айтады. 

Марсель Төлеуішов, көпбалалы әке:

-Мен енді жалпы отбасын үлгі ретінде өзімнің ағаларымнан аламын. Олар да көпбалалы. Әр отбасыда ең бастысы бір-бірін түсіну деп ойлаймын. Қандай жағдай болса да, не болса да, ақылдасып, бір-біріне ашық болу маңызды деп ойлаймын.

13 жыл бұрын құрылған отбасы қазір көпке үлгі. Әйгерім Аташева кәсіпкерлікке бет бұрса да, отбасы құндылығын дәріптеуден айныған емес. «Махаббатпен көтерілген әр шаңырақ түсіністік пен сыйластықты ту етуі керек», дейді көпбалалы ана.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин