Елде 217 «Жайлы мектеп» салынады

  • 45
  • 21.05.2025, 18:59

Жарты миллионға жуық оқушы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында білім алады. Озық үлгілі мектептердің жартысына жуығы ауылдарда салынады. Бұл туралы бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баспасөз мәслихатында айтты. 

Мемлекет басшысының бастамасымен 2024–2025 оқу жылында  254 мың оқушы орнына  арналған 105 «жайлы мектеп» пайдалануға берілді.  Жыл соңына дейін  тағы 112 мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады,-деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Яғни «Жайлы мектеп» жобасы аясында екі жылда 460 мың оқушыға  арналған 217 заманауи мектеп  салынады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынуда. Осылайша 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған.

Жайлы мектептердің  артықшылығы – онда оқушылардың  қолайлы, заманауи білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ке үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есе артық. Мұнда  робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары және  4 спорт залы мен  заманауи пәндік кабинеттер бар.  Әсіресе  оқушыларға ерте жастан кәсіби бағдар беруге аса мән берілген.

Мөлдір Смаханова, Қызылорда облысы №290 мектеп директоры:

- Жаңа мектептің инженерлік инфрақұрылымын тиімді пайдалана отырып, біз өңірімізде инженерлік мектеп жобасын бастадық. 2-сыныптан бастап, біз оқушыларға ерте кәсіби бағдарды енгіздік. Яғни физика пәні мұғалімі, биология, химия пәндерінің мұғалімдері бастауыш сынып мұғалімдерімен біріге отырып кіпіктірілген сабақ өткізіп, біз берілген инвентарларды пайдаланып, инженерлік-техникалық ойлау дағдыларын оқушының бойына қалыптастырудамыз.

Әрине, заманауи тәсілмен сабақ беру үшін ұстаз да заманға сай болуы қажет. Бүгінгі күні 3000-нан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтіпті. Ал жайлы мектептерге директорды тағайындау кезінде  «Білім беру саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге басымдылық беріледі. Әрине, мақсат - еліміздегі үш ауысымды мектептердің санын азайту.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бұл біздің мегаполистер - Алматы, Астана қаласы, Шымкент қаласы және сол мегополистердің айналасындағы Түркістан облысы, Алматы облысы және Маңғыстау облысында да оқушылар орны тапшылығы мен үш ауысымды мектептер болған.  Енді бүгінгі күні расында осы өңірлерге басымдық беріліп, ең көп мектептерді ашу жоспарланған.

Атап өту керек, елде соңғы алты жылда 1000-нан аса мектеп пайдалануға берілген.

Алуа Маханбет, Самат Оспанов