Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 білім ошағы салынды. Оның жетеуі Целиноград ауданында ашылса, екеуі облыс орталығында бой көтерді. Игі жоба аймақтағы үш ауысымды мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік берді.
Көкшетаудағы қос жайлы мектеп жыл басында пайдалануға берілді. Екі нысан да мың жарым орынға шақталған. Соның бірі - техникалық мектеп лицейі. Қазір мұнда 1200-ден астам бала білім алады. Оқу ошағында барлық жағдай жасалған. Яғни сабақтан кейін оқушылар мектеп ішіндегі түрлі үйірмеге қатысады.
Ералы Айтмұханбет, 10-сынып оқушысы:
- Өте жақсы мектеп. Өйткені мұнда көп нәрсе бар. Мысалы, 4 спортзал бар. Демалатын орындар бар. Отыруға, ойлануға болады.
Тілеген Амангелді, мектеп директоры:
- Келер оқу жылына біз бірінші сыныпқа 125-ін қабылдаймыз деп отырмыз. Оның барлығы қазір толды. Бірінші қырқүйекте біз өзіміздің жобалық қуаттылығымызға шығамыз. Керекті интернет панельдар, өздерінің компютер, принтерлары бар. Балалардың жеке бастарына, мысалы 1500 оқушы болса солардың әрқайсыларының жеке шкафтары да бар.
Өңірдің бірқатар ауданы елорда іргесінде орналасқан. Жыл санап бұл аймақтардағы халық саны өсіп келеді. Әсіресе, Целиноград ауданындағы білім ошақтарының жүктемесі ауыр. Сол себепті жайлы мектептің жетеуі елорда маңындағы ауылдарда ашылды.
Әсемгүл Сүлейменова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Ақмола облысында үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Бұл мәселе осы ұлттық жоба аясында шешілді деуге болады. Жаңа мектептер тек орын тапшылығын ғана емес, білім сапасына оң әсер етеді деген үміттемін.
Осылайша Ақмола облысы алғашқылардың бірі болып «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірге міндеттелген 9 мектепті қолданысқа берді. Барлық білім ошағы бір ауысымда жұмыс істейді. Ал түстен кейін мұғалімдер балалардың тұлғалық дамуына ерекше ден қояды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный