1 тамызда ауыл шаруашылығы санағы басталады  

  • 137
  • 26.05.2025, 18:45

1 тамызда еліміз бойынша ауыл шаруашылығы санағы басталады. Оған ірі шаруа қожалықтарына қоса үйінде төрт түлік асыраған барлық қазақстандық, тіпті ауласына егін еккен жеке қосалқы шаруашылықтар да тартылады. Ал алынған деректер толықтай құпия сақталады және салық немесе басқа да органдарға берілмейді. 

«Сондықтан науқанға қатысудан қашпаңыздар», дейді Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. Санақтың мақсаты Қазақстанның аграрлық секторының жай-күйін білу және азық-түлік қауіпсіздігін дамыту. Ол бізде соңғы рет 2006 жылы өткізіліпті. 

Ауыл шаруашылығы санағы. Ол мал, өсімдік және балық шаруашылығы салаларындағы барлық өндірушілерді қамтиды. Деректерді жинаудың бірінші кезеңі 1 тамызда басталып, 31 тамызға дейін электрондық жолмен жүзеге асырылады. Осы аралықта респонденттер sanaq.gov.kz  веб-порталына кіріп, сауалнаманы толтырады. Оны өз бетінше жасай алмағандар үшін жергілікті әкімдік пен санақ бөлімдерінде арнайы кабинеттер ұйымдастырылады.

Онлайн сауалнамадан өтпеген адамдар үшін екінші кезең 20 қыркүйектен бастап 20 қазанға дейін жүргізіледі. Санақ аясында 2 млн-ға жуық жеке қосалқы шаруашылықтар, 300 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші қамтылады деп жоспарлануда. Әр адамның мәліметі құпия сақталады және салық органдарына берілмейді.

Санақ аясында шаруашылықтардың қолданысындағы техниканың саны мен түрі, еңбек ресурстары да есептеледі. Осылайша, аграрлық сектордың әлеуеті жан-жақты бағаланады. Кейін бұл ақпарат жоспарлау, мемлекеттік ресурстарды бөлу жалпы агроөнеркәсіптік саясатты тиімді қалыптастыру үшін қолданылады.

Мақсат Тұрлыбаев, Ұлттық статистика бюросының басшысы:

-Былтыр пилоттық санақ жүргізілді. Оған 54 елді мекеннен 46 мың адам қатысты. Деректерге талдау жүргізу кезінде ресми сандармен салыстырғандар мал басы мен егін алқабының көлемі артық екенін анықтадық. Еліміз бойынша санақтың алдын ала қорытындысын шамамен желтоқсан айында шығарамыз. Ал соңғы нәтиже келесі жылы жасалады.

Қазақстандықтар тарапынан туындаған қосымша сұрақтарға жауап беру үшін 1446 нөмірі іске қосылыпты. Ал ауыл шаруашылығы санағын өткізу кезінде жұмыссыздар тізімінде тіркелген 300-ден астам азамат уақытша жұмысқа алынады. Олар арнайы оқу курсынан өткен соң, интервьюер қызметін атқарады.

Әсел Жартыбаева, Ұлттық статистика бюросының департамент директоры:  

-Алаяқтық әрекеттер өршіп тұрғандығын ескерсек, интервьюердің тұлғалық сипатын білу маңызды. Олардың арнайы киімі болады. Сондай-ақ қызметтік куәлік пен бейдж тағып жүреді. Қызметтік планшет береміз. Тек санаққа қатысты сауалнама жүргізеді. Оның біздің маман екенін QR кодын сканерлеу арқылы біле аласыздар.

Әлем елдерінде мұндай санақ орта есеппен әр 5-10 жыл сайын ұйымдастырылады. Бізде соңғы рет 2006-2007 жылдары өтті. Ұлттық статистика бюросы кезекті науқанға дайындық аясында АҚШ, Өзбекстан, Грузия тағы басқа да мемлекеттердің тәжірибесін зерделепті.

Ердәулет Ыбырайұлы