Мемлекеттік тіркеуден өткен соң, мопедтердің қалай болса солай жүруі тыйылған секілді. Ал жастарға қолжетімді самокаттардан келетін қауіп әзірге азамай тұр. Әсіресе, Алматыда самокаттардың саны да, оларға қатысты жол-көлік оқиғасы да көбейген. Мысалы, жыл басынан бері 100 самокат жол апатына себеп болған. Салдарынан 104 адам жарақат алыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Ережені, самокатшыға да, жаяу жүргіншіге де қауіпті.
Бұл жағдай үш күн бұрын ғана болды. Самокат мінген қыз Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында 55 жастағы әйелді қағып кетті. Оң қолы сынған жаяу жүргінші ауруханадан бір-ақ шықты. Ал алаңсыз кете берген бойжеткенді полиция әлі тапқан жоқ. Қаладағы самокаттар саны 19 мыңнан асқан.
Мейрамбек Әбілқасов, Кикшеринг компаниясының құрылтайшысы:
-Біздің самокаттардың тұрған жері мен жүрген жылдамдығы бақыланып отырады. Мысалы, Орталық саябақ, президент саябағына самокатпен кіретін болса, жылдамдық автоматты түрде 5 шақырымға түсіп қалады.
Заң бойынша самокатты 16 жастан асқандар ғана арнайы жолақта немесе жаяу жүргінші жолында айдай алады. Жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмау қажет. 18 жастан асқандарға көлік жолымен жүруге рұқсат. Бірақ тиісті ережелерді ескеру керек.
Тимур Ноғайбаев, ПД жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:
-Жолдың жиегімен, оң жақ шетімен жүру қажет. Жолға шыққан жағдайда жүргізушіде жүргізу куәлігі болуы қажет, әртүрлі санаттағы куәлік. Басында каска болу керек, түнгі уақытта өзін жарықтандыратын бір элемент болуы қажет.
Дегенмен бұл талапты ескеріп жатқандары некен-саяқ. Ережені білмей ме, әлде көшедегі көлік нөпірінен қорқа ма, әйтеуір самокатшылар тротуармен жүйіткіп жүр. Қос дөңгелекті көліктерін жол бойына көлденең тастап кететіндері де бар.
Самокатты 16 жасқа толмағандар тізгіндесе, ата-аналарына айыппұл салынады. Онсыз да айыппұл арқалағандар аз емес. Жыл басынан бері жол жүру ережесін бұзған 3600 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың дені самокатқа мінгесіп жүргендер, жүк тасып, жаяу жүргінші жолында жылдамдықты асырғандар.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов