Су мен жарық Көктоған ауылы тұрғындарының көп жылдан бергі бас ауруы. Олар үшін таза су мен үздіксіз жарық – өркениеттің шыңы. Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты елді мекеннің әлеуметтік мәселесі неге шешілмей келеді?
Көктоған ауылы кеше-бүгін құрылған жоқ. Кеңес заманынан бері көпшіліктің тұрғылықты мекеніне айналған. Уақыт өте ауылдың ауқымы кеңейіп, жаңа үйлер салынды. Алайда елді мекеннің инфрақұрылымы әлі ақсап тұр.
Қайрат Қайнекешов, ауыл тұрғыны:
- 2010-нан бері тұрып жатырмыз ғой енді салып, түк өзгеріс жоқ. Өзіміз тас төсеп, жолды жасап алдық. Тоқты өзіміз кіргіздік. Бір ай су болса, екі жұма су болмайды.
Ольга Номеровская, ауыл тұрғыны:
- 50 жылдан аса уақыт осы ауылда тұрамын. Ең өткір мәселе – ол су мен жарық. Жарық бір фазалы. 220 вольттың орнына 120 береді. Су үшін мына бөшкені орнатты. Ондағы су лас. Айналасында бақалар жүр.
Ауызсу ауылға мына сорғы арқылы тарайды. Бірақ ол тек ауылдың жартысына жетеді. Ортақ судан қағылғандар алыстан тасып ішеді. Сумен қамтамасыз етітін нысан жарыққа тәуелді. Электр қуаты өшсе, насос та тоқтайды.
Алматыға жақын елді мекеннің ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасынан неге қалыс қалғаны түсініксіз. Ал жергілікті билік мәселені қаржыға тіреп отыр.
Салауат Қазиев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Су мәселесі бойынша үлкен жобамыз дайындалуда. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жылдың аяғына дейін дайын болады деп күтудеміз. Мемлекеттік сараптамадан өту керек. Жылдың аяғына дейін осы жұмыстардың бәрін бітірсек, келесі жылға қаржы сұрайтын боламыз. Қаржы бөлінген жағдайда жұмыстар жүреді.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Көктоғанның мәселесі тек су мен жарық емес. Тұрғындар бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрігерге жету мұң, - дейді. 200 отбасы тұратын ауылда медпункт жоқ. Мектеп те әзірге арман. Ал ақпан айынан бастап жүрген жалғыз автобус орталықтан кері қайтады. Ауыл шетінде тұратын балалар автобусқа отыру үшін екі шақырымды жаяу жүріп келеді.
Сәненбүбі Суанбекова, ауыл тұрғыны:
- Бізде ешқандай да медпункт жоқ. Мен өзім жүрегім ауырады, қант диабетімен есепте тұрамын. Жыл сайын ауруханаға жатамын. Көрші ауылда медпункт бар. Сол жерге барамын. Кезекте екі сағат күтіп отырасың. Кішкентай балалар, үлкен кісілер, не отыратын жер жоқ. Қайта биыл кішкене алаң салып қойыпты. Сол жерде сарғайып, екі сағат күтіп отырасың.
Ауылды жарықпен қамту жұмыстары да аяқсыз қалған. Көшеге орнатылған он шақты электр бағандары іске қосылмаған. Жекенің қолындағы трансформаторлар жаңартылғанымен, тұрғын үйдің көптігінен күші жетпейді. Әлеуметтік мәселелер шаршатқан тұрғындар: «Жанайқайымызды естір жан болса», - дейді.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов