Күллі мұсылман үшін қасиетті Мекке мен Мәдинада қажылық маусымы аяқталды. Биыл бес парыздың бірін 4500 отандасымыз орындап, ізгі амалдарын жасады. Солардың ішінде бабалар ізін жаңғыртқан тарихи экспедиция мүшелері де бар.
Абай өлкесінен Меккеге автокөлікпен аттанған топ 15 күн дегенде діттеген жерге жетіп, әл-Харам мешіті маңында дұға жасады. Сөйтіп ұлы парыз рәсімдерін атқарып шықты.
Араб түбегінің шығысында орналасқан қасиетті мекенге биыл жер жүзінен 1 млн 700 мыңға тарта мұсылман жиналды. Құрбан айт қарсаңындағы қажылық оқыс оқиғасыз өтті. Джиддадағы Қазақстан Бас консулдығы қажылық миссиясымен бірге ел азаматтарының келеңсіз жағдайға ұшырамауын бақылап, кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасады.
Руслан Қоспанов, Қазақстанның Джидда қаласындағы Бас консулы:
- ҚМДБ қажылық миссиясымен тығыз байланыс орнатып, 3-4 жылдан бері осындай жұмысты бірігіп жасап жатырмыз. Жалпы қажыларымыздың жағдайы жақсы. 11-16 маусым аралығында бірталай рейстермен еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Шымкент қалаларына қажыларымыз қайтады. Биылғы қажылықтың ерекшелігі – жергілікті биліктің талаптары бойынша тәртіп өте қатаң сақталды.
Үлкен қажылық миссиясын орындаған 4,5 мың қазақстандықтың қатарында Меккеге көлікпен жеткендер де бар. Бір топ жерлесіміз Абай өңірінен сәуірдің орта тұсында жолға шығып, Құрбан айт қарсаңында киелі мекенге табан тіреді. Жалпы ұзақтығы 10 мың шақырымнан асатын сапар 7 мемлекет және ондаған қаланы қамтыды. Ерекшелігі сол, бұл отандастарымыз араға 155 жылдай салып, Құнанбай сапарын қайталады. Баба ізін жаңғыртып, тарихи құндылығын арттырды.
Ержан Сіләмбеков, кәсіпкер:
- Біз үшін өте қуанышты қажылық. Ата-бабалырымыздың ізімен келгенбіз. 1860-1865 жылдар аралығында Құнанбай атамыз өз делегациясымен келген. Тарихты қайталап, сол ізбен жүрдік. Соны біз Абай атамыздың 180 жылдығына арнаймыз. Дипмиссияларға рақметімізді айтамыз.
Отандастарымыздың исам дініндегі бес парыздың бірі болған қажылықты толықтай орындауына мүфтият бекіткен 15 турфирма мен 4 әуе компаниясы көмектесті. Қазақстандықтардың алды елге қайта бастады.
Айта кетейік, Сауд Арабиясында ауа температурасы 45 градусқа дейін ысып тұр. Былтыр көрсеткіш 50-ге таяған. «Сынап бағанасының шамадан тыс жоғарылауы құлшылық ету кезінде біршама қолайсыздық тудырғанымен, үлкен қажылық ойдағыдай өтті», - дейді жер жүзінен жиналған мұсылмандар.
Рауан Мыңбай