Үлестік құрылыс: 41 нысан талапқа сай емес

  • 123
  • 12.06.2025, 18:38

Үлескерлерді түрлі тәуекелдерден қорғау... Бүгін Сенатта осыған бағытталған заң қаралып, мақұлданды. Мамандардың бағалауынша, құжат үлестік құрылыс саласын мемлекеттік реттеуге жол ашады. Мәселен, рұқсатсыз салынып жатқан үйлердің жарнамасына тыйым салынады. Ал бірыңғай оператордың кепілдігінсіз салынған жылжымайтын мүлікті ипотека арқылы рәсімдеуге рұқсат берілмейді. 

Сол арманы үшін Тимур Каримов қолындағы 30 млн теңгесін құрылыс компаниясына табыстаған. Оны үй салынады деп көрсеткен орын, ұсынылған баға қызықтырыпты. Алайда уәде етілген пәтер әлі жоқ. Ақшасын да қайтарып ала алмаған. 

Тимур Каримов, үлескер:

-Мен көптеген хабарландыруларды қарап шықтым. Сол жарнамалардың бірі маған қатты ұнады. Мамандармен сөйлесіп кеңес алдым. Олар маған құжаттарын көрсетіп бұл дұрыс таңдау, тиімді баға деп мені қызықтырды. Үй салынатын жерді сатып алдық, жақын күндері құрылысты бастаймыз деп сендірді. 

Елімізде кейіпкерімізге ұқсас жағдайға тап болғандар аз емес. Қазір республикада 41 проблемалық нысан бар. 4 мың үлескер зардап шеккен. Ал рұқсатсыз салынған көпқабатты үйдің саны жүзге жуықтайды. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін депутаттар заңға түзетулер енгізбек. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мақұлданған заң үлестік құрылыс саласында мемлекеттік реттеуді күшейтуді көздейді. Осы мақсатпен үлескерлердің құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз ететін түзетулер топтамасы енгізілді. Жалпы заң үлескерлерді сенімсіз құрылыс компанияларынан қорғауға, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және басқа да өзекті мәселелерді шешуге оң септігін тигізеді деп сенеміз.

Негізгі өзгерістің бірі салынып жатқан үйлерде алдын ала пәтер сатып алуға тыйым салынады. Өйткені осындай шарт жасау арқылы компаниялар үлескерлердің ақшасын жинайды. Кейін кейбірі өз міндетін орындамайды. 
 
Сенатта қаралған келесі заң жобасы да тұрғын үйлерге қатысты. Нақтырақ айтқанда, биіктігі 28 метрден асатын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілер алдында өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды алуға міндетті. Сондай-ақ азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған түзетулер де бар.

Сергей Ершов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Атап айтқанда, қызметкерлер мен олардың отбасыларына тұрғын үй жәрдемақысы, көтерме төлемдер және жеке мүлкін көшіру шығындарын өтеу қарастырылған. Ал төтенше жағдай жарияланған аумақта апаттық-құтқару жұмыстарына қатысқан қызметкерлерге үш еселенген мөлшерде ақшалай өтемақы төлеу көзделуде. 

Сонымен қатар кәсіби апаттық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар күшейтілетін болды. Мәселен, құтқарушыларда арнайы техникаға қоса қосымша қажетті жабдықтар да толықтай өз меншігінде болуы керек.  

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Мебелбеков