Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңнан аса мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Осы саланы таңдаған адамдар түрлі органдарда лауазым атқарып, өздеріне жүктелген міндетті орындап келеді.
Мақсат Шәріпов мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын аудандық әкімдіктен бас маман болып бастаған. Кейін жұмыс бабымен Петропавлға ауысып, қазір жаңадан құрылған мемлекеттік сатып алу бөлімін басқарып жүр. «Бұл жолдың жан қалауыммен таңдадым», – дейді жас жетекші.
Мақсат Шәріпов, қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы:
-Бұл мен үшін жай ғана жұмыс емес. Мемлекеттік қызмет елдің дамуына үлес қосып, өз-өзіңді шыңдау. Екі жыл бұрын басшылық лауазымға тағайындалдым. Мемлекеттік сатып алу күрделі сала. Сондықтан әрдайым ізденісте болуың керек.
Солтүстік Қазақстан облысында 4100-ден аса мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Оның басым бөлігі - әйелдер. Кәсіби мереке қарсаңында олардың қатысуымен салтанатты шара өтіп, еңбегімен көзге түскен мамандар марапатқа ие болды.
Ержан Қарымсақов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің сқо бойынша департаментінің басшысы:
-Ең алдымен мемлекеттік қызметкер халық мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Сондықтан оларға үлкен жауапкершілік артылады. Қоғамның көңілінен шығу оңай емес. Қазір бұл салада оң реформалар болып жатыр.
Елімізде Президент тапсырмасымен жастар кадрлық резерві құрылған. Бұл жобаға 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Қазір оған құжат қабылдау науқаны өтіп жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков