Бурабай мемлекеттік ұлттық саябағына автокөліктердің кіруі үшін төлемнің жаңа жүйесі жұмыс істейді. Енді кептелісте тұрмай-ақ, алдын ала QR код немесе банк картасы арқылы төлем жасауға болады. Бұдан бөлек, Үкіметтің кешенді даму жоспарына сәйкес, жалпы құны 137,2 млрд теңге болатын 118 іс-шара қолға алынбақ. Ұлттық парктің туристік маусымға дайындығы қалай? Туризмді дамыту үшін қандай қадамдар қолға алынуда?
Курортты аймаққа келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. 2023 жылы Бурабайға 800 мыңнан астам адам келген. Биыл табиғаты тамылжыған ғажайып өлке 1 млн-нан астам келушіні күтуде.
Бауыржан Аманбаев, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ бас маманы:
- Автотуризмді дамыту елімізге өте лайықты. Өйткені автомобильмен серуенге шығу өте ыңғайлы. Инфрақұрылым бағыты бойынша Үкімет толықтай қамтамасыз етуге жоспар жасап жатыр.
Биыл қоқыс өңдеу кәсіпорнының құрылысы мен Щучинск қаласының маңында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кешен құрылысы қолға алынбақ. Осылайша, табиғаттың аясы ат көпір болып жататын қоқыстан арылады. Сондай-ақ өлкеге келген қонақтар мультимедиялық интерактивті кешенде Қазақ елінің тарихымен таныса алады. Ал мынау танымдық бұрыш. Интерактивті кітапшада Қазақ хандығының қысқаша тарихы көрсетілген. Экрнаға міне, ақырын қолыңызды тигізсеңіз, әр ханның тұсындағы тарихпен қысқаша танысуға болады.
Бақытгүл Жолдасова, экскурсия жетекшісі:
- Керей-Жәнібек хандардан бастап, соңғы Кенесары ханның билігіне дейін көрсетілген. Яғни әр ханның билігі кезінде үлкен шайқастар болды. Мысалы, Орбұлақ шайқасы. Қазіргі еліміздің картасы сол уақытта шайқас қайда өткенін осылай қарап шығуға болады.
Бурабайдың баурайы аң-құсқа толы. Онда құстардың 197 түрі мекендейді, олардың 14-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Табиғаты ән салдырған, саф ауасы тамсандырған осынау өлкенің өңін сақтау баршамызға парыз.
Құралай Жұмахан, Қайрат Ақтөреев