Барлық сыр-құпияңызды бейтаныс жанға айтар ма едіңіз? Ал миллиондаған адам мұндай ақпаратпен ChatGPT-мен бөліседі. Күнделікті таңдаудан бастап психологиялық қолдауға дейін оның көмегіне жүгінеді. Салдары сол, қазірдің өзінде мыңдаған адам тәуелділікке ұшыраған. Бұл ғалымдар жүргізген зерттеудің алғашқы нәтижесі. Мамандар бұған қатысты не дейді? ChatGPT қоғамдық санаға қалай әсер етеді?
Меруерт Батталова СММ маманы. Ол күнделікті өмірін ChatGPT-сіз елестете алмайды. Себебі контент жоспарын құрудан бастап шешім қабылдарда – электронды досынан кеңес сұрайды.
Меруерт Батталова, қала тұрғыны:
- ChatGPT психологтың да рөлін алмастыра алады екен. Мысалға, маманға сіз қаражат бересіз. Ал ChatGPT тегін, қолжетімді. Ол қашанға дейін қолжетімді болатынын білмеймін, бірақ қазір өте пайдалы. Құрбыларың кеңес беріп жатқанда қаншалықты ол дұрыс нәрсе айтып жатқанын білмейсің ғой. Ал ChatGPT маман сияқты. Берген жауабынан да байқауға болады. Толыққанды жауап береді.
Алайда психолог Зарина Кенжеқар бұл пікірмен келіспейді. «ChatGPT адам психологиясын жақсы түсінетін тәрізді көрінгенімен, вербалды емес іс-қимылдарға баға бере алмайды. Әрі адам берген ақпаратпен шектелгендіктен, бейтараптық сақтамайды», - дейді.
Зарина Кенжеқар, психолог:
- Дұрыс жерін – дұрыс, бұрыс жерін – бұрыс деп айтуымыз керек. Ал жасанды интеллектке келгенде, бәріміз жақсы адам болып көрінгіміз келеді. Мысалы: «Мен бардым, ол маған осылай деді, ол – абьюзер», – деп айтады. Сосын ЖИ: «Иә, егер ол осылай-осылай айтса, осындай әрекет жасаса – бұл абьюзер, red flag» деп жауап береді. Біздің психикамызда өзімізді қорғаудың түрлі тәсілдері бар. Сондықтан біз ЖИ-ге қандай ақпарат берсек, ол соны ғана өңдеп, соған сай нәтиже қайтарады. Ал кейде берілген мәліметтің ішінде жалған ақпарат та болуы мүмкін.
ChatGpt-дің негізгі қолданушылары 18 бен 34-жас аралығындағы жастар. Олардың үлесі 55 пайыздан асады. Ал бұл аяққа тұрып, маңызды шешім қабылдайтын жас. Мамандар дәл осы кезеңде айналасындағылардың тәжірибесі мен өз еркіне емес, виртуалды көмекшісіне құлақ асатындар көбейгеніне алаңдаулы.
Әсем Құсманова, әлеуметтанушы:
- ChatGPT адамның сөйлеу мәнеріне қарай бейімделіп, естігіміз келген дүниені ғана береді. Өз дұрыстығымызға ғана сеніп, қоғамнан кері айналсақ, эгозим күшейіп, критикалық ойлау қабілетіміз төмендей бермек. Оның салдары отбасын құрмау, жалғыздық сезімі, депрессия, тіпті суидцидке әкелуі мүмкін. Бірақ бұл жасанды интеллекті мүлдем қолданбау керек дегенді білдірмейді. Технологиялармен қатар әлеуметпен коммуникация дағдыларын да қатар ала жүру керек деген сөз. Сонда ғана адамзат ретінде әрі қарай дами аламыз. Өйткені адам бөлек емес, қоғаммен бірге жетіледі.
ChatGPT – қазіргі қоғам үшін таптырмас құрал. Миллиондаған дереккөзді қас-қағым сәтте тауып, қиын сәтте жылы сөзбен жұбата алады. Бірақ алгоритмде жан жоқ екенін ескерсек, жылулықты технологиядан емес, адамнан іздеу маңызды.
Дана Әлиева, Бауыржан Ебелеков