33 жылдық тарихы бар бұл сала жыл өткен сайын тамырын тереңге жайып, қоғам үшін маңызды екенін дәлелдеп келеді. Әскери дәрігердің жұмысы зор құрмет пен ризашылыққа лайық. Олар ауруханалар мен лазареттерде тәулік бойы кезекшілік етіп, кез келген уақытта науқастарға медициналық көмек көрсетуге дайын.
Құрметке бөленіп, құттықтау алып жатқандардың бірі Бейсембаев Бауыржан. Ол жуырда ғана БҰҰ-ның Голан жотасындағы бітімгерлік миссиясынан оралды. Сержант тәуелсіз контингент құрамындағы әскери дәрігерлердің қатарында болды.
Бауыржан Бейсембаев, әскери дәрігер:
Біз Сирия, Араб республикасына алғаш рет барғанда әрине қорқынышты болды. Өйткені ол осы уақытқа дейін соғыс болып жатқан ел, соғыс болып келген ел. Иә, бізде тікелей қақтығысқа қатысқан болмасақ та, біз соған дайын болдық. Сондай жағдайға дайындалдық. Және сол жердегі Непал республикасы, Индия, Уругвай елдерінің әскери медиктерімен тәжірбие алмасып, бір-бірімізбен әркімнің кәсіби деңгейін көріп, бір-бірімізбен тәжірибе бөлістік.
Елдегі әскери медицина тарихы сонау 1992-жылдан, яғни ҚР Қарулы күштері Бас штабының Әскери-медициналық басқармасы құрылған күннен басталады. Себебі 24/7 дайындықта жүріп, ел қорғаймын деген сарбаздардың алдымен денсаулықтары мықты болу керек. Міне, сол үшін бүгінде 8 госпиталь, 4 лазарет және бірнеше медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Ал олардың дені заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Берік Ильясов, ҚР Қорғаныс министрлігі Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары:
- Медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету – бұл бастапқы міндеттеріміздің бірі. Сондықтан осы 2025 жылы бізге 3 млрд шамасында медициналық техника алуға қаражат бөлінді. Қазір сол қаражатты игеру үстіндеміз. Көптеген рентген диагностикалық аппараттар алынды. УЗИ аппараттары алынды, сонымен қатар Алматы госпиталіне көптен күткен біз КТ сатып алдық.
Әскери дәрігерлердің сапалы жұмысына науқастар да риза. Елордадағы бас клиникалық госпитальға елдің барлық аймағынан келіп ем алуда.
Руслан Байсейітов, аға сержант:
- Осы ауруханаға түскен кезде менің қан қысымым 170-100 болған. Қазіргі жағдайда 130-140-қа дейін түсіріп берді. Бұл жерде келген кезде бүкіл зертханалық анализдер алынды. Әртүрлі дәрігерлердің қарауында болдық. Қан қысымымды тексеріп отыру үшін мынандай аппарат салып берді.
Бұл салада мәселе жоқ емес, бар. Әсіресе кадр тапшы. Сондықтан осы жылдан бастап медициналық оқу орындарынының резидентурасында әскери хирургия мен әскери терепия мамандары оқытылатын болды.
Алуа Маханбет, Әлібек Әлімов