Оралда «Ақжайық» жаңа шағынауданы жылдан жылға көркейіп, кеңейіп келеді. Төрт жылдың ішінде бұл аумақта 10 көпқабатты үй және оңалту орталығы салынды. Таяуда су сорғыш станциясы іске қосылды.
Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, жақын арада мектеп, балабақша сияқты бірнеше әлеуметтік нысан пайда болады. Жобаға сәйкес шағынауданда шамамен 80 көпқабатты үй бой көтереді. Пәтерлердің бір бөлігі жеңілдетілген несиелеу бағдарламасымен беріледі. Осы ауқымды жобаның арқасында 45 мыңнан астам адам баспаналы болады. Қазір Орал қаласында кезекте тұрғындардың саны 20 мыңнан асады.
Мұрат Байменов, Орал қаласының әкімі:
- Үйден басқа әлеуметтік нысандар салынады. Олардың арасында үш мектеп, әрқайсысы 1500 орындық болады. Сонымен қатар, үш балабақша, әрқайсысы 500 орындық, және жалпы 60 әлеуметтік нысан салынады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аукцион өтіп жатыр.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметіміздің ерекше көңіл бөліп отырған мәселесі – бұл әлеуметтік мәселелер. Қашан да халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі алда тұратын басты сұрақ. Осыған байланысты жасалып жатқан іс-шаралардың көрінісі ретінде жаңа мөлтек ауданының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз жаңа жоспарлармен таныстық. Әрине, мөлтек аудан тек тұрғын үйден ғана тұрмайды, ол жерде балабақша, мектеп, денсаулық сақтау мекемелері және басқа да қажетті әлеуметтік нысандар болуы тиіс. Барлығы қаралған.