Бала құрт сорып, сүйек мүжуі керек. Бұл оның уақытында және дұрыс сөйлеуіне көмектеседі. Қазір тілі шықпаған баласын логопедке апаратындар көбейіп барады. Мамандар 3 жаста еркін сөйлей алатындардың азайғанын айтып отыр. Мұның себебі неде?
Құндыз Оралжан этнопедагог әрі үшемнің анасы. Балаларының тілі ерте шыққанын сүйек мүжіп өскенімен байланыстырады. Қазір олар 3 жаста. Анық сөйлеп, әріптерді дұрыс айтады. 1-ге толғанда алғашқы сөйлемдерін құраса, 1,5 жаста өлең жаттауға бейім болыпты.
Құндыз Оралжан, этнопедагог:
- Қазіргі кезде мәселе болып отырған тілдің шығуына ең жақсы әсер ететін нәрсе – сүйек мүжіту, балаға тіл беру, желке беру. Желкені талдап-талдап жеген кезде, баланың бүкіл жақ сүйектері жұмыс істейді.Сүйекті мүжіген кезде, бала еттің бәрін жемесе де, сүйектің ніні дейді қазақта – соның барлығы балаға барады. Сонымен қатар баланың қызыл иегі дұрыс бекиді.
Елордалық логопед Анаргүл Әлімқожина жылына 80-нен аса балаға көмек беретінін айтады. Сөйлеу қабілеті кешеуілдегендер көбейген. Ата-аналар уақытында әрекет етпейді. Тиісті маманға тек мектеп жасында ғана жүгінеді.
Анаргүл Әлімқожина, логопед:
- Ата-ана: «Кішкентай, өскен соң өзі сөйлеп кетеді», - деп маманға кеш жүгініп жатады.Ал ондай баланың сөздік қоры аз, тілі де дамымаған болып келеді. Қимыл-қозғалысын дамыту мақсатында біз артикуляцияны жетілдіретін жаттығулар береміз. Сонымен қатар арнайы тренажерлар мен заманауи компьютерлік бағдарламалар да қолданылады. Бірақ кейде соның орнына балаға жай ғана сүйек ұстатып қойса да болады ғой.
Түзетуші маманның пікірінше, бала 5-6 айында дыбыс шығара бастайды. 1 жасқа толғанда былдырлайды. 1 жас 2 айында ең алғашқы сөздерін айтуы керек. Осы кезеңде бала мүлде сөйлемесе, ата-анасы бірден маман кеңесіне жүгінгені дұрыс. Кейінгі алты айда «әке», «ана» сияқты 15-ке жуық сөзді айтады. Ал 3 жасқа келгенде баланың сөздік қоры шамамен бір мыңға жетуі тиіс.
Балалар дәрігерінің пікірінше, ет жемейтін, сүйек мүжімейтін, құрт сормайтын бөбек болмайды.
Қанзираш Ескермесова, №5 қалалық емхана МКК балалар дәрігері:
- Кезең бойынша баланы тамақтандыратын болса, ол барлық тамақты жейді. Оған бірден үлкен етті салса, тітіркеніп, бірінші оны түкіріп тастайды. Ертеңге тағы да жарты қасық береміз. Содан кейін баланың рецепторлары үйреніп, қабылдап бастайды.
Мамандар барлық жауапкершілік ата-анада екенін ескертеді. Бала сұрақ қойып, әлемді тани бастағанда оны гаджетпен жұбатуға асықпаған дұрыс. Ата-бабамыздан қалған қарапайым тәсілдерді ескерудің өзі де біраз көмек.
Диана Қадыр, Самат Оспанов