Ақтауда жарықтың сөнуі жиілеп кетті. Аптап ыстықта жағдай тіпті қиындаған. Мамандар: «Бұған желідегі апаттар мен жүктеменің көбеюі себеп», - дейді. Шаһардағы электр желісінің 66 пайызы тозған.
Облыс орталығында 485 шақырым электр желісі бар. Бірақ қазір соның үштен бірі апатты жағдайда. Соның салдарынан ескі шағынаудандар зардап шегіп отыр.
Бауыржан Нұрбосынов, қала тұрғыны:
- Тоқ жоқ үйде. Үй жанып тұр. Күн ыссы. Балалар дейтін мынау, біз таңертең кетеміз, жұмыстан кешке келеміз. Әлі тоқ жоқ. Лифт жасамайды, сірә. Мен сегінші қабатта тұрамын, қазір қиын енді.
Эмилия Тахмасова, қала тұрғыны:
- Жарық жазда жиі сөнеді. Бұл тұрғындар үшін қиын. Біреуі үйден жұмыс істесе, кейбір үйде кішкентай бала бар. Қарттар да тұрады осында. Техникаларымыз да бүлініп жатады кейде.
«Электр желісін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асыралады», - дейді жауаптылар. Соңғы жылдары ескі қосалқы станциялар жаңартылып, 60 станция орнатылған. Қазір 15 қосалқы станциясы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бірақ тозған желілердің мәселесі сол күйінде. Биыл тек 74 шақырым желі жаңартылмақ. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы да әлі дайын емес.
Бексұлтан Шалабаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Ауыстыру жұмысы біздің алдағы қысқы маусымға дайындыққа дейін ауыстырып бітіруіміз керек. Қазір оған жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталу үстінде. Ол жобалық-сметалық құжаттамасы осы аптаның аясында шығады. Шыққаннан кейін құны анықталады.
«Электр қуатын жеткізуде ешқандай кедергі жоқ», - дейді мамандар. Басты себеп – аптап ыстық. Өйткені шіліңгір шілдеде жүктеме көбейеді. Тұрмыстық техникалармен қатар мыңдаған салқындатқыш іске қосылады. Ал бұл онсыз да тозып тұрған желілерге күш түсіреді. Дегенмен жауаптылар электр желісінің кезең-кезеңімен ауысатынын айтып отыр. Қазір әлеуметтік желіде жарықты кесте бойынша беру туралы ақпарат тарап жатыр. Бірақ әкімдіктегілер мұның жалған екенін мәлімдеді. Электр қуатымен қамту жұмыстары жүйелі жүргізіледі.
Асланбек Шығыр, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев