Астанада адам өміріне қауіп төндіретін үйлер бар. Бірінің қабырғасы сөгіліп жатса, енді бірінің сыртқы қаптамасы түсіп жатыр. Солардың бірі Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі №1 үй. 2012 жылы пайдалануға берілген нысан қазір тозып кеткен. 400 пәтері бар ғимараттың сырты қырық жамау. Дауыл тұрса болды, қаптамасы желмен бірге ұшады.
Сырт көзге еңселі боп көрінгенімен 20 қабатты мына үйдің сыртқы қаптамасының сау жері жоқ. Қозғасаң болды, құлайын деп тұр.
Маңайында жүру қауіпті болғандықтан, зәулім үйдің бір бетіне қоршау қойылған. Бірақ мұны ескеріп жатқан адам аз. Қатерлі болса да темір қоршауды елемей, арлы-берлі жүре береді.
Нұрлыбек Сейтжаппаров, қала тұрғыны:
- Бұл жоғарыдан құлағанда физиканың заңы бойынша салмағы бар, жылдамдығы бар, өтіп бара жатқан адамға қауіпті. Адам өлімі болуы мүмкін. Былтыр бізде мынадай жағдай болды. Бір көлікке түсіп, сол көліктің ақшасын ОСИ төлеуге мәжбүр болды. Ал ОСИ-дің ақшасы ол тұрғындардан жиналатын ақша.
Көпқабатты баспана ЛРТ жолының дәл жанында орналасқан. Тұрғындар енді одан да қауіптеніп отыр.
- Үйдің сырты деген бір біріне байланысты ғой. Бір жерден басталса, ары қарай қуалап кете береді. Ертең болашақта мынау жеңіл рельстік транспорт (ЛРТ) қосылса, физикада резонанс дейтін нәрсе бар. Соның жүргенде анау дірілінен бұл үйге тағы әсер етуі мүмкін.
Тұрғындардың «бұл үйді шұғыл күрделі жөндеу керек» деп жырлап жүргендеріне биыл 10 жылға жуықтады. Содан бері талай мекеменің табалдырығын тоздырып, әлеуметтік желіге де жиі жариялап келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Әкімдіктегілер болса, «өздерің жөндеп алыңдар» деген көрінеді.
Аман Тілеубаев, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- «Бізге «Өркен қала» келіп есептегенде шамамен бір 3 млрд теңге болады», - деді. Оны өздеріңіз жасаңыздар. Бізде ондай шамамыз жоқ. Өйткені біз 15 жылға «Өркен қала» арқылы лифтілерді алдық. Енді 15 жыл бойы әр пәтер қожайыны сол лифтілерге төлеп тұрады. Әр пәтердің квадратына қарай 8,9,10 мыңға дейін төлейміз. Жаңағы лифтімен, бәрімен қосқанда 70-80-ге шығып жатыр. Біз өткенде есептегенде әр пәтерге солай шығып отыр.
«Онсыз да жыл сайын бірнеше миллион теңге жұмсап, үйдің сыртын жамап жатырмыз», - дейді тұрғындар. Бірақ одан қайран жоқ. Қатты жел соқса, сыртқы қаптама жапырақ секілді ұшады. Құрылыс материалдары тіпті пәтердің ішіне дейін кірген жағдайлар болған. Абырой болғанда адам аман.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Астанада қаптамасы қираған үйлердің тағы бірнешеуі бар. Мәселен, мына үй жақында өртенген. Содан бері сырты алба-жұлба боп тұр.
Қауіпті үйдің мәселесін айтып, әкімдікке хабарластық. Алайда жергілікті билік өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Айтуларынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес үйдің ішкі және сыртқы жұмыстарына олар жауап бермейді. Жөндеу жұмыстарын халық өзі жасатуы тиіс.
Дамир Берікұлы, Мейірбек Бесбаев, Бауыржан Ебелеков