Көлік жуу орындары суды қайта пайдалануға міндеттеледі

  • 58
  • 17.07.2025, 18:45

Қазақстанда автокөлік жуатын орындар болашақта жаңаша жұмыс істей бастайды. Себебі 10 шілдеден бастап елде жаңартылған Су кодексі күшіне енді. Оның көздейтін түпкілікті мақсаты су ресурстарын тиімді пайдалану. Жаңа талаптарға сәйкес, барлық автокөлік жуу орындары пайдаланылған суды сүзгіден өткізіп, қайтадан айналымға енгізуі тиіс.

Еліміздегі автокөлік жуу қызметін ұсынатын кәсіпкерлер су үнемдеуге арналған жаңа жүйені алдағы жеті жылдың ішінде қолданысқа енгізуге міндеттеледі. Оның екі жылы жоспар әзірлеуге, қалған уақыт қажетті қондырғыларды орнатуға жұмсалады. Мамандардың айтуынша, көлік жуу орындары қазір өзен суын бейберекет пайдаланып отыр. 

Медет Жәдігерұлы, Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы:

- Автокөлік жуу орындарының біршамасы суды тікелей ашық су көздерінен алады. Енді бір бөлігі орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Соған қарамастан олардың барлығына қойылар талап біреу. Алдағы уақытта еліміздегі автокөлік жуу орындары түгелдей суды қайта пайдалану жүйесімен жұмыс істеуі тиіс. 

Экологтар еліміздегі су қорын сақтау мәселесін үнемі көтеріп келеді. Өйткені трансшекаралық өзен бойында орналасқан өңірлерде қазірдің өзінде су тапшылығы сезіле бастады. 

Максим Кравченко, эколог:

- Қазақстан тұтынатын су көлемін жан басына шаға есептейтін әлемдегі 15 елдің қатарына кіреді. Біздің алдымыздағы мақсат – климаттық өзгеріс пен су тапшылығы жағдайынан шыға білуіміз керек. Сондықтан қай салада болсын су үнемдеу технологиясына көшкен жөн.

Суды қайта пайдалану жүйесіне көшу орта және шағын кәсіпкерлік нысандары үшін қосымша қаржыны қажет ететіні түсінікті. Автокөлік жуу орындарында қазір бұл мәселе қызу талқыланып жатыр.

Юлия Вознюк, автокөлік жуу орнының әкімшісі:

- Заңға өзгерту енгізілгенін білеміз. Ол үшін әрине, қосымша қаржы қажет. Бірақ біздің табатын табысымыз жаңа қондырғыларды орнатуға жетпеуі мүмкін. Мінтдеттеп жатса, оны орындауға тура келеді және бізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі деген үміттеміз. 

Мамандардың болжауынша, елімізде су үнемдеу технологияларын қолданысқа енгізу арқылы тұтынатын су көлемін үш есеге дейін азайтуға болады. Ал оның кәсіпкерлік нысандарына қалай әсер ететіні уақыттың еншісіндегі дүние. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірумен айналысатын шаруашылықтар да заңға сәйкес, бассейндік инспекциялардан рұқсат алады.

Ардақ Айбарұлы, Валентина Леонова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игліков