Бұдан былай жұмыс берушілерге қызметкерлерді келісімшартпен алуға тыйым салынады. Яғни зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру және өзге де төлемдерді өтемейтін жұмыс берушілермен күрес күшейеді. Сондай-ақ бірдей лауазымдағы мамандарға әртүрлі жалақы төлеушілер жазаланады. Еңбек қатынасындағы өзге де мәселелер бүгін Мәжілісте талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын талқылауға депутаттар бастамашы болған. Мәжілісте құжаттың негізгі бағыттарын әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов танысты. Ол азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істеу басты мәселенің бірі ретінде атады. Себебі бұл қаржысын үнемдеу мен әлеуметтік кепілдіктен жалтаратын жұмыс берушіге ғана тиімді дейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл неге қауіпті? Өйткені бұл ГПХ-да отырған жұмыскер әлеуметтік кепілдіктерден айырылады. Ол еңбек демалысына шыға алмайды. Әйелдер де жүктілікке байланысты демалысқа шыға алмайды. Зейнетақы жарнасы аударылмайды, медициналық сақтандыруы болмайды. Енді біз бұған нақты тосқауыл қоямыз. Егер қарым-қатынаста еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға тыйым салынады. Құжаттың тағы бір бағыты жазатайым оқиға кезінде қарапайым жұмысшының мүддесін қорғауға арналған. Ал адамның өндірісте алған жарақатының ауыр не жеңілдігін анықтауда қолданылатын ескі әдістеме де өзгеруі мүмкін. Бұдан бөлек енді жұмыс беруші мен жұмысшы арасында туындаған дауды шешу үшін делдал тартылмақ.
Серік Ерубаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Делдал бола алатындар кімдер және оларға қандай талаптар қойылады? Екінші, делдалдың өкілеттігін атап өтсеңіз? Үшінші сұрақ егер де дау жұмыс беруші мен ұжымның ортасында болатын болса, делдалдарды тартуға бола ма?
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
-Делдалдарға қойылатын талаптар қандай? Біріншіден, ол қызметкер мен жұмыс берушінің арасында тәуелсіз кез келген тұлға болады. Ол жеке немесе заңды тұлға. Жеке тұлға ол заңгер, медиатор. Заңды тұлғалар ол медиация орталықтары. Екіншіден жұмыс беруші мен қызметкердің арасында делдалды тарту үшін жазбаша түрде келісім болуы керек. Заң жобасында жұмысшыларға жалақы тағайындауда алшақтықты жоюға бағытталған норма да қарастырылған. Бұл негізінен шетелдік және отандық мамандар еңбек ететін компанияларда кездесетін мәселе.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мәселен, мұнай өнеркәсібінде бұрғылаушы екеуінің арасында жалақыда үлкен айырмашылық бар. Осы жағдайды, әділетсіздік дейміз бе, алалау дейміз бе, жағдайды реттеу жөнінде осы заң жобасында қандай бап бар?
-Мұндағы нақты норма бір қызметкер егер ол слесарь болса, егер талаптары бір болса, істеп жүрген жұмыстары бір болса, оның арасында қазіргіден үлкен алшақтық болмау керек деп осы айырмашылық бойынша нақты бір меже тиісті келісімшартта қарастырылатын болады деп біз осындай ұсынысты енгіздік. Ол қолдау тапты.
Сондай-ақ Мәжіліс бірқатар заң жобасын қарады. Оның ішінде жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау мен Президент тапсырмаларын іске асыру аясында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс те бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейманов