Су шаруашылығы мамандықтарына бөлінетін грант саны 70% артты

  • 60
  • 17.07.2025, 18:38

Талапкерлер үшін тың жаңалық! Биыл су шаруашылығы мамандықтарына бөлінген грант 70 процентке артып отыр. Тегін оқу мүмкіндігіне жүздеген студент ие бола алады. Сондай-ақ сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар да қабылданған. 

Су шаруашылығы саласының маманы болғысы келетін оралдық жастар енді осы қалада да кәсіпті меңгере алады. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап мұндағы іргелі оқу орны «гидромелиорация» мамандығына талапкерлер қабылдауды жоспарлап отыр. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Марат Оңаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғылыми білім беру орталығының жетекшісі:

- Біздің аймақта негізгі суармалы жерлердің қомақты көлемі бар. 10-ның үстінде үлкен су қоймалары бар. Ал енді осылардың бәрін қамтуға әрине, міндетті түрде кадрлар даярлау керек. Кей кездерде артық судың, көктемдегі тасқын судың болуы және оны пайдалану мәселесі де үлкен мәселе болып тұр. Университетімізге арнайы 20 грант бөлініп отыр. Оған қосымша жергілікті әкімшілік өзіндік үлесін қосып, қосымша гранттарды бөлмек болып отыр.

Мұндай мамандық түрінің бұл аймақта пайда болуы бекер емес. Себебі елдің батыс, оңтүстік және шығыс өңірлеріне су шаруашылығы мамандары аса қажет. Жалпы таяу жылдары бұл салаға екі мың жұмысшы керек болады. Мәселенің алдын алу шараларының бірі – жастар үшін грант бөлу.

Биыл гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде, 1052 грант бөлініп отыр. Былтыр 612 еді. Елде 10-нан астам оқу орны салаға қажетті мамандар дайындайды. Ал бүгінде су шаруашылығы бағытында 10 мың адам жұмыс істейді. Сала қызметкерлерінің тұрмысын жақсарту ісі қатар жүрмек.  

Дидар Жәнібекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновация департаментінің басқарма басшысы:

- Алдағы уақытта су шаруашылығы саласына алып отырған мамандарымыздың айлықтары өсетін болады. Айта кетейін, мысалы, «слесарь» сияқты жұмысшы мамандықтарының бүгінгі күні жалақылары 70-80 мың теңге маңайында болса, солардың жалақылары 200 мың теңгеге дейін өстін болады. Сонымен қатар биыл Жұмысшы мамандығы жылы арқасында мемлекет тарапынан баспана бағдарламасы басталған болатын.

Сергей Добрынин, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

- Негізі бізде бірінші, екінші, үшінші, төртінші санатқа жататын 1395 гидротехникалық құрылыс жайлар бар. Оның ішінде қазіргі таңда 2028 жылға дейін өту керек, қажет деген кешенді жоспарға сәйкес 557 гидротехникалық құрылыс жайлар тізімі анықталып, сол тізімге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Көпфакторлы зерттеп қарау жүргізілгеннен кейін тиісті шешім қабылдайды.

Бұл саланы жаңа, білікті кадрлармен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ал су шаруашылығы бағытында атқарылуы тиіс жұмыс аз емес. Бұған дейін қабылданған кешенді жоспар мен Су кодексі аясында қоймалар салынуы тиіс. Қазірдің өзінде жүздеген гидротехникалық  нысандардың жай-күйі тексеріліп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Кальянбеков