Көріпкелдер мен балгерлердің қызметіне сұраныс өсті

  • 163
  • 18.07.2025, 18:45

Елде көріпкел, балгер, астролог пен нумеролог мамандардың қызметіне сұраныс күрт өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр азаматтар осы бағытта 3 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Ал олардың қызметі заңмен қалай реттеледі? Алданып арыз жазғандар қанша? Қала тұрғындарының пікірі қандай?

Әлеуметтік желіде бақсы-балгердің жарнамасы өріп жүр. «Қиын кезде олардың сөзіне сеніп, екі рет алдандым», - дейді ару. Аты-жөнін атамауды, дауысын өзгертуді сұрап, өз оқиғасымен бөлісті.

Аида, қала тұрғыны:

- Тик-токта отырғанда көріпкел шықты. Сол кісіге жаздым. Пікірлерді оқыдым. Ол кісі менен 150 мың теңге сұрады. Төледім, бірақ нәтижесі болмады. Кейін тағы қиын сәт болды. Жолдасымды қайтарып алғым келді. Басқа адамға жаздым. ол кісі менен 300 мың теңге сұрады. 

Қазақстанда көріпкелдер мен емшілердің қызметі заңмен реттелмеген, лицензия да талап етілмейді. Алайда олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмыс істей алады. Мәселен, биыл елордада төрт адам жалған көріпкелге алданыпты. Ал іс алаяқтық бабы бойынша тіркелген.

Айдар Қонысбек, Астана қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны:

- Балгер ретінде өзін таныстырып, арызданушыға 6,5 миллион теңге шығын келтірген болатын. 4 қылмыстық іс бойынша 10 миллион теңгені құрайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-шы бабына сәйкес алаяқтық бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру көзделген.

Бұл мәселеге қатысты қала тұрғындары былай дейді: 

Блиц-сауалнама:

- Барып, кеңесін алып, адасып жүргендерді байқаймын. «Сарафанное радио» сияқты жарнама ғой. Адамдар бір-біріне айтып, барып көріп,  келешегін жорамалдағысы келеді. Бірақ нумерология қызықты. Жалпы алғанда адамға сәйкес келеді.

- Балгер емес, бақсылар болған. Ол Құдай берген дарын. Бақсыларға мен сенемін. Ал мынау астрология, нумерология дегенге аса сенбеймін.

- Мен ондайларға сенбеймін. Алаяқтарға бірден жауап жоқ деймін. 

Экстрасенс-медиум Алиш Хайдардың айтуынша, нағыз көріпкел халықтан ақша сұрамайды, бергенін алады. Өкінішке қарай көбі бұл қызметті табыс көзіне айналдырған. Сол себепті шын мамандарды анықтайтын арнайы жоба жасағанын айтады.

Алиш Хайдар, экстрасенс-медиум:

- Біздің халық осындай тексерілген көріпкелдерге қаралса деймін де. Себебі инстаграм, тик-ток желісін алайық, бізде көріпкелдер көп. Бізде өкінішке орай көріпкелдерге қатыста заң жоқ. Сол өтірік көріпкелдің кесірінен шынайы көмектесіп жатқан көріпкелдер жапа шегіп жатыр. 

Діни басқарма балгер, бақсы, нумерология мен астрология қызметіне жүгіну дұрыс емес екенін ескертеді.

Бауыржан Әбдуәлі, шариғат және пәтуә бөлімінің маманы:

- Шариғатымызда балгерлерге баруға тыйым салынған. Имам Тағауи «Ахидат ат-Тахауия» кітабында былай дейді: «Біз балгерлер мен көріпкелдердің болжамын растамаймыз. Себебі бұл Құрандағы «Ертеңгі күні не боларын тек Алла біледі» деген аятқа қарсы. Нумерология ғылым ретінде мойындалмаған. Нумерология болсын, астрология болсын – барлығы шариғатқа қайшы.

Көпшілік болашақты болжап, тағдырын білуге ынтық. Десек те «аңқау елге арамза молданың» күйін кешпей, еңбекпен тапқан ақшаны құр болжамға құртпаған абзал.

Диана Қадыр, Мейрамбек Қайыркелді