Жамбыл облысында жолы жоқ екі ауыл бар. Талас ауданындағы Қайыр мен Арал елді мекендеріне баратын күре жолға асфальт төселмеген. Салдарынан алыстағы ағайын жауын-шашынды күні ауданнан байланыссыз қалады екен. Ауыл ішіндегі жолдардың да жетісіп тұрғаны шамалы. Ми батпағы шыққан күні оқушылар мектепке резеңке етік пен пакет киіп барады.
Жасы 60-ты алқымдаған Мұхит Тұрмағамбетов Қайыр ауылында туып өскен. Айтуынша, қатар жатқан екі елді мекеннің басты мәселесі – жол. Ауылдық округ орталығынан небәрі 12 шақырым жерде орналасса да, әлі күнге байланыстырар жол салынбаған. Ауыл ішілік көшелерде де асфальт атымен болмаған.
Мұхит Тұрмағамбетов, Қайыр ауылының тұрғыны:
-Қылқылдаймыз, айтамыз, шаршадық. Мына жақта да бір ауылымыз бар. Бір-бірімізге қатынау қиын. Автобус жүрмейді. Такси шақырсаң бағасы удай. Мына жолға келмейді. Біздің ауыл негізі ұмыт қалған ауыл сияқты екі ауыл. Ешқандай бізге көмек жоқ. Қарамайды келеді өтірік уәде береді, кетеді.
«Тұрғындар күз бен көктемде ауыл ішінде жүру мүмкін емес»,– дейді. Себебі елді мекен құмды аймақта орналасқандықтан, жауыннан көшелері ми батпаққа айналады. «Жаяу түгілі көлікпен жүру қиын»,– дейді жұрт.
Қалбай Қадырбаев, Үшарал ауылдық округінің тұрғыны:
-Жол деген тәуелсіздікке дейін де, кейін де жол мәселесі мүлдем қарастырылмаған. Қыстыгүні батпақ лай жеңіл машинаға өте қиын. Үлкендей тракторлар болмаса спецтехникалар болмаса жеңіл мәшинелер анда-санда өтеді.
Ал аудан билігі ауылға апарар 12 шақырым жолды 2020 жылы аудандық маңызы бар жолдардың қатарына қосыпты. Сөйтіп 2023 жылы жобалық сметалық құжаттама жасаған. Тақтайдай тегіс жол салу үшін облыстық бюджеттен 540 миллион теңге сұраған. Бірақ бірнеше жыл қолдау таппай, құжаттың да мерзімі өтіп кеткен.
Ринат Бекбосын, Талас ауданы әкімінің орынбасары:
-Жобаны 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты корректировкаға береміз. 90 да 10 әдісі болмаған жағдайда, 50 де 50 әдісін ұсынамыз. Яғни жартысы 50% облыстық бюджеттен, 50% аудандық бюджеттен қарастыру мүмкіндігін қарастырамыз.
Таласта аудандық маңызы бар 193 шақырым жол болса, соның 12 шақырымына ғана асфальт салынбаған. Аудан билігі қажетті қаржы бөлінгенше, ойлы қырлы жолды әзірге сүріп тегістеп бермек.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә