Сырым бекетінде шектеу: Шағын жүк көліктері шекарадан өте алмай жүр

  • 11
  • 06.08.2025, 18:38

Кеден кеден болды, кедергі неден болды? Батыс Қазақстан облысында шағын тоннажды жүк көліктерінің жүргізушілері шекарадан өту қиындап кеткенін айтып шағымданады. Жөндеу жұмыстары басталған 4 тамыздан бері Сырым бекетінен шағын жүк көліктеріне өтуге тыйым салыпты. «Облыс аумағындағы өзге бекеттерде рентген қондырғылары болмағасын, жүкті түсіріп, қайта тиеуге тура келеді»,– дейді кәсіпкерлер. Ал Ақтөбе арқылы айналса, жол мың шақырымға ұзаратын көрінеді. 

Самара-Шымкент күре жолының бойындағы Сырым өткізу бекеті негізгі көлік ағынын қабылдайтын маңызды бекеттердің бірі. Оның жөндеуге жабылуы екі ел арасындағы барыс-келісті де, алыс-берісті де қиындатып жіберді. Қазір Сырым өткізу бекеті арқылы өтетін жүк көліктері тәулігіне 700-ден 500-ге қысқарса, жолаушылар Шаған, Ақсай, Тасқала бекеттері арқылы қатынауда. 

Ерлан Мұқанғалиев өз көлігімен жүк тасымалдайды. Көбінесе іргедегі Самарадан тапсырыс түседі. Алайда осы аптадан бастап Сырым бекетінен өте алмайды. Ірі көліктер іркілмей қатынап жатыр, шағын тоннажды автоларға рұқсат жоқ.

Ерлан Мұқанғалиев, көлік жүргізушісі:

-Кіші коммерциялық транспортты шекарадан Маштаковтан өткізбей жатыр. Қазір осы нейтральды аймақта екі шекара ортасында бәленбай адам өте алмай тұр. 

Шекарашылар шағын жүк көліктерінің тізімде жоқ екенін айтып, оларды жақын жердегі Шаған бекетінен өтуге бұйырады. «Алайда ол бекетте рентген қондырғысы жоқ»,– дейді жүргізушілер. Яғни пломба салған халықаралық жүкпен ол жерден өту мүмкін емес. Жай жүктің өзін түсіріп қайта тиеуге тура келеді екен. 

Құбайдолла Ақан, жеке кәсіпкер:

-Біріншіден жолы нашар. М32 халықаралық трассаға шығу үшін біздер жүкпен келе жатқанда өте алмаймыз. Жаңбыр жауса, балшық болады. Қыста тазаланбайды, жағдай жоқ. Сосын Теплоеда рентген жоқ. Біздер жүкпен келгенде ашыңдар, көрсетіңдер дейді. Біз ауыр жүкті түсіре алмаймыз. Сосын екінші мәселе екі жақты шекара болғасын, біздер Беларусқа қатынаймыз, Мәскеуге қатынаймыз халықаралық жүктерді өткізбейді. 

Алтынбек Аманов, жеке кәсіпкер: 

-Озинкида рентген сынып жатыр, 3 жыл болды істемейді. Реконструкция жүріп жатыр, оларда да болмайды. Енді Ақтөбеге барыңыз деп сол жаққа жібереді. Біздер мына жерде Оралда тұрып, Самара 250 шақырым. Ақтөбеге баруға жағдайымыз жоқ. Әкеле жатқан тауарымыз қымбатсып кетеді. Сосын ана машинадан затты түсіруге де посттарда жағдай жоқ. Қойма жоқ. 

Ашынғаннан ащы даусы шыққан жүргізушілермен құзырлы орган өкілдері кездесті. Шекарашылар мен мемлекеттік кіріс департаментінің мамандары: «Шағын жүк көліктерін бұрынғыша Сырым бекетінен өткізуге дайынбыз»,– дейді. Бірақ тиісті тізімді бекіткен көлік министрлігі екен. 

Дәурен Мағзомов, кәсіпкерлер палатасы БҚОФ бөлім басшысы:

-Кәсіпкерлердің арызы орынды. Өйткені жаз мезгілі, күн ыстық. Мың шақырым айналып жүруді көтермейтін, тез бұзылатын тауарлар болады. Сырым бекеті арқылы күніне шағын тоннажды 50 жүк көлігі өтеді. Ол аса көп емес. Бүгінгі жиналысқа көлік министрлігінің өкілдерін де шақырдық, бірақ олар қатыспады. Сондықтан бұл мәселені жоғарыға жолдап, жақын арада өз деңгейінде шешілуіне атсалысамыз. 

Сырым өткізу бекетін жөндеу жұмыстары келер жылдың аяғына дейін жалғаспақ. Қайта жаңғыртудан кейін аталған бекет арқылы шекарадан өтетін адам саны тәулігіне 6 мыңнан 10 мыңға, көлік саны 3 мыңнан 5 мыңға ұлғаяды.  

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап