«Бәйтерек» зымыран кешені желтоқсанда іске қосылады

  • 15
  • 04.09.2025, 19:34

«Бәйтерек» зымыран кешені биыл жыл соңында іске қосылады. Ал алғашқы ұшырылым желтоқсан айында орындалуы мүмкін. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында белгілі болды. Депутаттар бүгін кешен жұмысына қатысты өзгерістерді мақұлдады. Түзетулерге сай «Бәйтерек» акционерлік қоғамының табыс салығы бойынша жеңілдіктер мерзімі ұзартылды. Ал 2028-2039 жылдар аралығында жылына екі рет емес, үш рет кепілдендірілген ұшу жүргізілмек. Мамандар мұны тапсырыс санының артқандығымен байланыстыруда. Айтпақшы Бәйтеректен көкке көтерілетін «Союз-5» зымыран тасығышына керосин мен оттегі отыны қолданылады. Сенаторлар сондай-ақ Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялады. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленді. Құжат бір мемлекеттің инвесторларына екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздейді. Жалпы бұл заң елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз

Сондай-ақ бүгін Жоғарғы палата депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қатысты заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Құжатта терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері қамтылған. Мақсат – ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сонымен қатар қаржылық мониторингке жататын күдікті қызмет туралы ақпаратты беру тәртібі белгіленді. Қылмыстық қаржы айналымына қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзге де түзетулер енгізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл заң аталған қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қосымша құқықтық негіздер қалыптастырады деп сенеміз.