Елде 400-ден астам ауыл ауызсу желісіне қосылмаған. Ондағы тұрғындар тіршілік нәрін тек құдық немесе ұңғымадан ғана тұтынады. Оның арасында елорда маңындағы елді мекендер де бар. Ал жауапты ұйым өкілдері мәселені биыл толық шешеміз деп отыр. Ол үшін 200 миллиардтан астам қаржы бөлініп, жергілікті әкімдіктерге жіберілген.
Бұл Астана аумағындағы 11 мың адам тұратын Интернациональный елді мекені. Ауылға ауызсу желісі 13 жыл бұрын тартылған. Бірақ содан бері тұрғындар саны өсіп, тіршілік нәрін тұтыну көлемі арта түскен.
Фёдор Бараников, тұрғын:
-Бізде су үнемі болатын. Көшелерде су алатын колонкалар тұрды. Бірақ оларды алып тастады. Кейін ауламыздан ұңғыма қазып алдық.
Қазір елді мекеннің үш көшесіне қаладан қосымша желі тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда, ауылдың жартысы сумен қамтылмақ. Бұған қоса кәріз құбыры да салынуда.
Асыл Самажанов, қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы:
-Бұдан басқа Мичуриноны сумен қамтамасыз ту жоспарда бар биыл жылдың соңына дейін және Күйгенжар тұрғын алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жоспарда бар. Ол тұрғын алаптарда қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ел тұрғындарын ауызсумен қамту күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Әрі бұл іске қатысты Мемлекет басшысының жауапты органдарға берген тапсырмасы бар. Бүгінде екі бірдей министрлік тиісті жұмыстарды қолға алған.
Жалпы елде 10 өңір ауыз сумен толық қамтылған. Ал биыл 17 қала мен 463 ауылға су жеткізу көзделіп отыр.
Нұрсұлтан Керемқұлов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары:
-Бізде 100% деген көрсеткіштің өзі мысалы, кез келген елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз әр үйдің ішіне, әр краниктен су шығып тұр деген мәселе емес. Бұл деген қолжетімділік суға жеткізу деген. Ал мысалы бізде мынадай жағдайлар бар да. Біз мемлекет тарапынан миллиардтаған қаражатқа суды апарамыз. Бірақ жергілікті халық бас тартады «біз қосылмаймыз» деп. Өйткені өзінің ұңғымасы бар, өзінің құдығы бар. Бірақ басқа да ауылдар бар. Соны жылдар бойы күтіп отыр. Сол күтіп отырған ауылдарға биыл толығымен қаражатты бөліп, сол 463 ауылды және 17 қаланы толығымен 100% жеткізу жоспарымыз бар. Биылға жоспарланған жүздеген ауыл мен оннан астам қалаға су желісін жеткізу үшін 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның жартысына жуығы елге қайтарылған активтердің есебінен беріліп отыр. Қазір құбыр тарту және құрылыс жұмыстарын жергілікті әкімдіктер бақылауда ұстап отыр.Бұдан бөлек құрылысы келер жылы аяқталып іске қосылатын жобалар да бар. Оның қатарына елорда маңында орналасқан Ақмола облысының 4 ауылы бар. Бірақ мамандардың айтуынша желі тарту ісінде елді мекендердің ерекшеліктері де ескеріледі.
Әлия Алтынбекова, ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитеті топтық су құбырларын дамыту басқармасының сарапшысы:
-Егер де ауылдарда халық саны аз болатын болса, жеке-жеке ауылдарға су тарту, топтық су құбырларын жүргізу бұл тимсіз. Сол үшін бізде топтық су құбырлары салынады. Яғни осы бірнеше ауылды орталықтандырылған бір су жүйесіне қосу, яғни, бұл құдық болсын, ұңғыма, су қоймасына қосуға мүмкіндік береді. Яғни су орталықта тазартылып кейіннен магистраль арқылы ауылдарға таратылатын болады. «Биылға жоспарланған жобаларды толық іске асыру үшін қаржы да, жұмыс күш де жеткілікті»,– дейді мамандар. Сондықтан сапалы ауызсу күткен тұрғындардың қуанышқа кенелеріне сенімді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов