Кейде тіпті жеткеннен жетпегені дұрыс па еді деп қаласың. Бұлай деуімізге себеп - алматылық тұрғынның жолдаған сәлемдемесі орта жолда тышқанға жем болыпты. Қазпошта қызметіне шағым неге көбейді?
Қазпоштаның қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар азаяр емес. Бұл жолы редакциямызға Алматы қаласының тұрғыны Қарақат Аманжол қоңырау шалды. Ол: «Австралияға жолдаған сәлемдемем кешігіп жеткені аздай, қорабы тесіліп, ішіндегісін тышқан кемірген», – дейді.
Қарақат Аманжол, Алматы қаласының тұрғыны:
-Уақыт бойынша енді 20 жұмыс күні ішінде жету керек болған Сиднейге. Бірақ 40 күн календарный күн ішінде жетіп тұр, біріншіден. Екіншіден, посылканы мені досым алған кезде оның ішіндегі коробка жартылай тесілген. Коробканың ішінде шоколад желінген.
Қарақат мән-жайды анықтау үшін Австралия поштасы мен Қазпоштаға да жүгінген. Алайда екі тарап та жауапкершілікті біріне бірі сілтепті.
-Австралия пошта Қазақстан поштасына претензия айтыңыз дейді, ал Қазақстан поштасы Австралияға айтыңыз, шекарадан асқаннан кейін біз жауап бермейміз деп. Төлем Қазақстан поштасынан жасалынды. Сонда кім жауап беру керек? Бұл пошта қызметіне қатысты бірінші шағым емес. Қазақстандықтар ел ішінде де сәлемдемелердің жеткізілу уақыты кешігетінін жиі айтады. Ал шетелге жібергенде сәлемдемені қадағалау тіпті қиындайды. Себебі шекарадан асқан соң, сәлемдеме қозғалысы жүйеде көрсетілмейді»,– дейді кейіпкеріміз. Ал Қазпоштаның бұған жауабы қандай?
Азамат Оралов, «Қазпошта» АҚ сәлемдемелер бизнесін қолдау департаментінің басшысы:
-Трекинг системасы қалай жұмыс істейді? Қазақстаннан кеткен кезде әрбір этаптар жүйемізде көрсетіледі. Біздің сайтымызға кіріп, трек-код енгізген кезде көрінеді. Әрі қарай шетелге кірген кезде біздің шетелдік әріптестерімізбен интеграция бар. Бірақ кейбір мемлекеттермен интеграция әлі жүргізіліп жатыр. Сондай мемлекеттермен болмауы мүмкін.
Қалай болғанда да, тұрғындар пошта қызметінен, ең алдымен, жылдамдық пен сенімділікті күтеді. Ал Қазпошта алдағы уақытта қызмет сапасын жақсарту үшін қандай қадам жасайтынын уақыт көрсетеді.
Дана Әлиева, Аршын Кемелжан, Самат Оспанов