Соның бірі – қыз алып қашуға қатысты. Енді некеге мәжбүрлегендерге жаза күшейтілді. Қызды өз келісімімен әкеттім немесе бұл-дәстүр деген уәждер енді ескерілмейді. Себебі бұл қылмыс, ал жазасы ауыр.
Бірер күн бұрын ғана Алматының Ақсай-4 шағынауданында үш жігіт қызды күштеп көлікке отырғызып, алып қашпақ болған. Бойжеткен жан даусымен көмек сұрап, әзер қашып құтылады. Көршілер дереу полицияға хабарлаған. Бақылау камерасындағы жазба бұлтартпас дәлел екені анық. Бірақ қыз шағымданудан бас тартқан. Соңғы үш жылда елімізде қыз алып қашу және некеге мәжбүрлеу дерегімен полицияға 214 шағым түскен. 10 іс сотқа жеткен. Енді мұндай қылмыс жасағандарға жаза қатаң. Жаңа заң 16 қыркүйекте күшіне енді.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:
-Некеге тұруға мәжбүрлеу енді қылмыстық іс әрекет болып саналады. Жәбірленушінің оның ішінде жақындарын масқаралайтын мәліметтердің жариялануына, таратылуына жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келу, некеге тұруға мәжбүрлеу қылмыстың құрамын құрайды.
Қарапайым жағдайда 2 мың айлық есептік көрсеткішпен айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылады. Егер қылмыс кәмелетке толмағанға, топ болып, күш қолданумен немесе қызмет бабын пайдаланып жасалса, 5 мың айлық есептік көрсеткіш айыппұл салу, қоғамдық жұмыстар немесе 3-7 жылға бас бостандығынан шектеу не айыру жазасы қолданылады.
Заңға түзетулер Мәжіліс депутаттарының ұсынысы негізінде енгізілді. Олар қазақтың қыз алып қашу дәстүріне толық тыйым салынбайтынын, тек күштеп алып қашқан кезде қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын жеткізді.
Қоғам белсендісі Лимана Қойшиеваның айтуынша, дәстүрде танымайтын қызды келісімінсіз алып қашу болмаған. Мұндай әрекет «Жеті жарғыда» да ауыр қылмыс ретінде қарастырылған.
Лимана Қойшиева, қоғам белсендісі:
-Сонау Тәуке ханның заманында қыз алып қашу кісі өлтіруімен тең саналған. Дәл қазіргі уақытта сол қазақ дәстүрі деп өмірінде көрмеген, танымаған, білмейтін қыз баланы қойша өңгеріп, алып қашады. Оның жылағанына қарамай, сұранғанына қарамай. Оның таңдауын ешкім тыңдамайды. Тіпті ата-анасы да соған келісіп, Ортаға түскен үлкен кісілер, жақындары жауапкершілікке тартылуы керек.
Бұл қоғамда көп жылдан бері қордаланып келген мәселе болатын. Сондықтан жаңа заңдағы талап-ережелерді көпшілік құптап отыр. Енді бойжеткендер еркінен тыс табалдырық аттағанның күннің өзінде өз құқығын қорғай алады. Оған жаңа заң толық мүмкіндік береді.
Диана Қадыр, Дархан Кунтуов