Шымкентте қосалқы электр стансаның құрылысы басталғалы 6 жылдан асып барады. Нысанды тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, жергілікті жұрт әлі күнге электр жарығына жарымай отыр. Энергетикалық түйіткіл қашан шешімін табады? Сала мамандары не дейді!?
Құрсай шағын ауданының тұрғындары қосалқы стансаның қосылуын асыға күтіп жүр. Төзімі таусылған жұрт электр жүйесін жеке меншік трансформатордан тартып алған. Алайда тариф қымбат, қуаты тым әлсіз.
Жарқынай Әшірбекова, қала тұрғыны:
- Қуаты жетпей қалады. Енді бұдан былай тем более. Қыстыгүні сондай болады. Холодильниктер тықырлап тұрады. Пеш жақсы қызбайды. Тамызда свет береміз деген. Қазір частныйда отырмыз. Істеп жатыр. Бірақ ол қашан бітеді білмейміз.
Құрылыстың кестеден кешігуіне жер теліміне қатысты сот процестері себеп. Сондай-ақ, жерасты кабелінің қолды болуы кедергісін келтірген. Мердігер компания өкілінің айтуынша, ақауларды түзеу үшін тапсыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.
Бақберген Бақалбаев, жоба жетекшісі:
- Көбі мед деп ойлайды. Сонымен ұрлық болды. Жалпы шығын – 7,5 км. Оның бәрін біздің компания өз мойнына алып, айтылған уақытында бітірдік.
Нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Энергетика өкілдерінің айтуынша, жоғары кернеулі автотрансформаторларға қуат беріліп, жүйе жүктемелік сынақтан сәтті өткен. Енді тек қабылдау актісін әзірлеп, соңғы техникалық құжаттамаларды бекіту жүріп жатыр.
Манас Тынышбек, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы.
- Қабылдау, өткізу актісіне сәйкес тексеру жұмыстары жүргізіліп қойды қазір. Ендігі кезекте құжаттарды рәсімдеу жүруде. Жылдың соңына дейін қосылады.
Қосалқы станса құрылысына қазынадан 6 млрд 600 млн теңге жұмсалды. Енді оны іске қосу кезінде қиындық болмаса 50 мың абонент пен сауда логистикалық орталығы сапалы электр қуатымен қамтылады.
Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов.