Бұл 400-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, өңірде тау-кен металлургия кешенін дамытуға баса назар аударылмақ.
Биылғы жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін жемісті болды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында тұрақты өсім байқалады. Аймаққа инвесторлардың да назары ауған. Қыркүйектің өзінде 740 млрд теңгеге 40 меморандум жасалды. Қазір облыста жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 81 жоба іске асырылып жатыр. 64-і белсенді құрылыс пен өндіріске дайындық кезеңінде.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатын салу, сондай-ақ Ұлан ауданында литий өндірісін жолға қою бойынша ірі жобалар бар. Техногендік әдіспен де шикізат өндіру ісі игеріліп жатыр. Бұл бұрын өндіре алмаған қорларды айналымға қосуға және ескі қалдық қоймалардан бағалы металдарды алуға мүмкіндік береді.
Өндіріспен бірге облыстың инфрақұрылымын дамыту қолға алынған. Мәселен, Өскемендегі көлік кептелісін азайту үшін 2 жолайрық құрылысы басталды. Сондай-ақ Ертіс пен Үлбі өзендерінің үстімен өтетін екі көпір салу жоспарланған. Ал Зайсан мен Қатонқарағайда салынып жатқан әуежай, келесі жылы тапсырылуы мүмкін.
Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Келесі жылдан бастап Қытайға әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Өскемен-Алматы» бағытында «Тальго» теміржол маршрутын іске қосуға дайындық жүргізілуде. Оған дейін 5 теміржол вокзалы жаңғыртудан өтеді.
Ал Риддер қаласы маңында жыл 12 ай істейтін тау шаңғы кешені салынады. Бұл тау туризмін дамытып қана қоймай, спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді. Қазір аймақта халықаралық стандарттарға сай заманауи қонақүйлер құрылысы да қарқын алған. Осылайша, Шығыс Қазақстан облысы туристік әлеуетін одан әрі арттыра түспек.
Дана Әлиева, Аманжол Байғазин