Каспий жағалауында өрт сөндіру-құтқару бөлімі ашылды

  • 8
  • 24.11.2025, 19:51

Заманауи құралдармен, арнайы техникалармен жабдықталған бөлімде қызметкерлерге де жан-жақты жағдай жасалған. Мамандар мұндағы workout алаңда спортпен айналысып, террасада тынығып, бос уақытында білімдерін жетілдіре алады. 

Биыл салынған көпбейінді кешенде құтқарушылар мен өртсөндірушілер бірге орналасқан. Енді оларға оқиға орнына жедел жетуге мүмкіндік бар. Құрылым Ақтаудың төменгі 10 ықшамауданы мен Өмірзақ ауылына, 4 өнеркәсіптік аймаққа қызмет көрсетед және жазда 40 мыңдай адам бір мезгілде демалатын төменгі жағалаудағы қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді. Жағалаудағы жаңа ғимарат қазіргі стандарттарға сай салыныпты. Мұнда қызметкерлердің бос уақытында дене дайындықтарын шыңдап, өздерін дамытуына жағдай жасалған. 

Жәнібек Бекжанов, №13 мамандандырылған өртсөндіру бөлімінің бастығы:

- Бұрын жағдай болған жоқ. Өрттен, адам құтқару жұмыстарынан шыққан кезде қызметкерлер ішке келген кезде жуынатын орын болған жоқ, дұрыстап отырып тамақ ішетін орын болған жоқ, оқу сыныбы да болған жоқ, тар болды. Қазіргі уақытта қысқа уақытта небәрі 2,5 ай уақыт ішінде өте ыңғайлы, барлық жағдай жасалған, заманауи әдемі өрт сөндіру бөлімі ашылды. 

Өрт сөндіру бөлімінің теңіз жағында терраса, спорт алаңдары орналасқан. «Бұл құтқарушылардың ауыр шақыртулардан кейін өздерін қалпына келтіруі үшін аса маңызды», - дейді мамандар. Жаңа ғимаратта төтеншеліктердің  сенімді серігі – қызметтік иттерге де орын табылыпты. 

«Найза» атты бельгиялық төбет мұндағы мамандардың мақтанышы. Ол 4 жыл бойы аттестациядан мүдірмей өтіп, құтқарушыларға қалтқысыз қызмет етіп келеді. 

Қанат Уәлихан, құтқарушы-кинолог:

- Бұларды біз күшік кезінен таңдаймыз. Күшіктер арасынан таңдайтын жолдары бар. Сол бір 5-6 күшіктің арасынан психикасы тұрақты, белсенділерін соларды таңдап аламыз. Сосын біздің жұмыста ең қиын «разрушение» дейміз ғой, қирағанда адамдар көп жиналады, азаматтық адамдар болады. Қатты шу болған кезде иттермен жұмыс істеу қиын болады. 

Бүгінде бөлімде 45 өртсөндіруші мен құтқарушы еңбек етеді. Суға шомылу маусымы кезінде олардың саны да ұлғаяды. Маңғыстау облысында теңіз жағалауының жалпы ұзындығы – 1400 шақырым. Төтеншеліктер күні-түні акваториядан көз жазбай, демалушылардың қауіпсіздігін бақылайды, катамаран мен гидроциклдердің қозғалысын қадағалайды. Олар жуырда

«Voyager» атты катерге қол жеткізіпті. Жүрдек су көлігіне навигациялық жүйе, теңіз тереңдігін өлшеу қондырғысы, белгі беру құралдары орнатылған. 

Назар Ізтілеуов, Маңғыстау облыстық ТЖД Жедел-құтқару жасағының бастығы:

- Жуыну кабинасы бар, тоңазытқыш бар. Жаз кезінде өте қолайлы. Осы жерде асхананы да ұйымдастыруға болады. Құтқарушылар жаңа катермен бір тәулік бойы жағалауға оралмастан жүзіп, теңіз бетін қадағалап, құтқару жұмыстарын жүргізеді. 

Әзірге мұндай өртсөндіру-құтқару бөлімі өңірде біреу ғана. Заманауи талаптарға сай келетін келесі ғимаратты алдағы жылы Теңге ауылында тұрғызу жоспарланған. 

Е. Жылқайдарұлы, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев