Ақмола облысында жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласында 1 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Жыл соңына дейін көрсеткіш тағы арта түспек. Бұл туралы аграрлы аймақта өткен алқалы жиында айтылды. Салтанатты іс-шарада шаруалардың алты ай жазғы еңбегі еленіп, түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Салтанатты жиында қарапайым еңбек адамдары ұлықталды. Оның ішінде алқаптағы ырыздықты ысырапсыз жинаған жас комбайншылар мен мықты механизаторлар бар. Үздік сауыншылар мен мал дәрігерлері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ осы салаға бар ғұмырын арнаған ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Абылай Смағұлов, механизатор:
-Ауыл шаруашылығы саласында 48 жыл еңбек етемін. Қазіргі уақытта зейнет жасындамын. Екі жылдан бері зейнеткер болсам да ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатырмын. Былтыр, биыл егініміз бітік шығып, малымыз шүйгін, шөбімізді, бәрін дайындап алдық. Егінімізді жинап алдық. Ақмола облысы – аграрлы аймақтың бірі. Елімізде өсірілетін бидайдың 25% өңір шаруаларының үлесінде. Биыл жергілікті диқандар тағы рекорд жаңартты. Алғаш рет қамбаға 7,5 миллион астық құйылды. Мол өнім жинауға мемлекеттік қолдау да сеп болған.
Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Үкіметтің қолдауымен 250 млрд теңгеге жуық қаржы облыстың ауыл шаруашылық тауар өндірушілері төмен пайызбен иемденді. Оның ішінде 118 млрд теңге «Кен дала» бағдарламасымен біздің агроқұрылымдарымыз ерте былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап қол жеткізді. Соның нәтижесінде биылғы жылғы жалпы көрсеткіштеріміз жаман емес.
Егіннің шығымдылығы экспортқа да айтарылықтай әсер етеді. Жыл басынан бері жергілікті шаруалар шетелге 3,5 млн тонна өнім сатқан. Биыл ақмолалықтар алғаш рет астықты Еуропа нарығына шығарды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
-Біздің сапалы өнімдеріміз «хайпро» дейміз, мақтанышымыз соны бір Евросюзға жеткіздік. Италияға, Белгияға, Данияға, Эстонияға. Әрі қарай жолды аштық, тереземіз бар. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Бес жылдық үзілістен кейін астығымыз биыл Әзербайжанға, Грузияға және Түркия елдеріне қайта жеткізіле бастады. Мал шаруашылығы саласында да тұрақты оң динамика байқалады. Биыл 168 мың тонна ет, 6 мың тонна сүт, 574 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Қазір өңірде құны 963 млрд теңге болатын 86 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный