Елімізде «Sarbaz+» жобасы іске қосылды

  • 28
  • 15.12.2025, 18:49

Болашақ жұмыс орнын табуы да әбден мүмкін. Қазақстан Қарулы Күштерінде енгізіліп жатқан мерзімді әскери қызметтің жаңа форматының осындай игілігі бар. Пилоттық жоба «Sarbaz+» деп аталады. Ол жауынгерлердің цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған және жеке құрамның қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді көздейді. Бастама алғаш болып Алматы маңындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде іске асады.

Демалыс күндері 78460 әскери бөлімінің 90 жас сарбазы ант берді. Олар Әуе қорғанысы күштерінің элиталық бөлімінде борышын өтейді. Бөлім қазақстандық әскери ведомство басшылығына және Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысына тікелей бағынады. Жеке құрамға ұрыс және әскери-көліктік авиацияны, Қазақстанның әуе кеңістігін бақылайтын құрылғылар арасындағы байланысты қамтамасыз ету жүктелген. 

Ақылбек Көпжасар, қатардағы жауынгер:

- Осы «Sarbaz+» жобасына келгеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта көреміз. Қандай сертификат алуға болатынын айтып өтті. Енді алдағы уақытта соған талпынуға тырысамын. 

Әскери бөлімнің мәртебесін ескере отырып, Қорғаныс министрлігінің басшылығы «Sarbaz+» жобасын осы жерден бастауды ұйғарды. Жоба сарбаздарды даярлаудың тиімді әрі түсінікті жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Басты жаңашылдық — жастар мерзімді әскери қызметке myarmy.kz цифрлық платформасы арқылы іріктелді. 268 үміткердің 90-ы таңдалған. 

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Біздің офицерлер мен курсанттар арнайы курстардан өтті. Сарбаздармен тіл табысу курстары. Жаңа форматтағы көшбасшылық курстарды өтті. Одан бөлек, кабинет «психологической разгрузки» бар.

Сарбаздар әскери билетпен қатар, бірқатар дағдыларды да алып қайтады. Мұнда радиобайланыс, желілік технологиялар және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару саласындағы мамандарды даярлайтын оқу сыныптары ашылды. Astana Hub-пен бірлесіп TechOrda бағдарламасы бойынша оқыту ұйымдастырылған. Олар ақпараттық қауіпсіздік, деректерді қорғау және жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, дрондарды бағдарламалауды меңгереді. Ағылшын тілін онлайн үйренеді.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Бұдан бөлек, қауіпсіздік үшін ақылды интеллект қосылып, видеоаналитика енгізілді. Өздеріңіз көргендей, компания барлық камераны бір жүйеге біріктіріп, осы әскери бөлімшеде не болып жатқанын бір экраннан көруге мүмкіндік берді. Бұл ақпарат әскери бөлімше басшысына және штаб басшысына көрсетіліп отыр. 

«Sarbaz+» жобасы аясында жеке құрамның психологиялық жай-күйіне де айрықша мән берілген. Мерзімді әскери қызметшілерге ауқымды фитнес-бағдарлама ұсынылады. Футбол алаңы қайта жөнделіп, streetball және workout жаттығуларына арналған алаңдар жабдықталды, заманауи спорт залы ашылды. Министр орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, алдағы уақытта «Sarbaz+» жобасын кеңейту жоспарланып отыр.

 Аршын Кемелжан, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев