Елорданы мерекелік безендіру басталды

  • 9
  • 15.12.2025, 17:49

Елордада мерекеге дайындық қыза түсті. Таңсәріден бері мамандар көшелерге мыңнан аса көк ту іліп қойған. Ал LED экрандарда Тәуелсіздік күніне арналған арнайы құттықтаулар көрсетіліп жатыр.

Мирас Әбдірахман, қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

- Тематикалық безендіру жұмыстары ұйымдастырылды. Оның ішінде негізгі көшелер — Мәңгілік, Тұран, Қабанбай және оң жағалаудағы Республика көшесі, сондай-ақ басқа да көшелерде 1200-ден астам жарамалық құрылғылар безендірілді. Жеке қаражат Тәуелсіздік күніне деп бөлінбеген. Жыл басында бюджет бекітіледі және осы аясында жыл ішінде болатын іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде безендіру де, ту ілу де бар.

Мереке қарсаңында біз қала тұрғындарының пікірін де біліп көрдік.

БЛИЦ-сауалнама:

- Осы LED экрандарды және туды көргенде қатты қуандық. Бұл жастарға және Астана қаласының тұрғындарына өте әсерлі деп айтуға болады. Стендтерде барлығында туды іліп қойған. Бірақ оның бәрі аздық ететін сияқты. Өткені басқа елдерге қарасақ, үйлердің сыртында елдердің туы ілініп тұрады. Әр елдің азаматы өз еліне сүйіспеншілігін білдіре алса екен деймін. 

Кәсіпкерлер арасында жаңа ұлттық тренд басталды. Мәселен, елордалық Темірхан Сафаров мерекеге орай 4000 дана шар мен 1000 туға тапсырыс берген. Дүкенін безендіруге 2 миллион теңге жұмсапты.

Темірхан Сафаров, кәсіпкер:

- Менің басты мақсатым – біз тәуелсіз мемлекет екенімізді көрсеткім келді. Тәуелсіз мемлекетте жасап жатқаннан кейін осыншалықты дүниелер болып жатыр. Қаншама біздің тыныш ұйықтап, тыныш тұрғанымыздың өзі осы тәуелсіздігіміздің барының арқасында ғой. 

Жанарға жылулық ұялатқан жарқын бастамалардың легін қаламыздағы кофеханалар да жалғап әкетті.

Руслан Амалбек, бариста:

- Әлеуметтік желіде көрдік. Біздің басшылық безендіруді бір сағаттың ішінде жасады. Қонақтарға ұнап жатыр. Алда келе жатқан мейрамдарға дәл осылай дайындалып, осы трендті жалғастырамыз.

Безендіру жұмыстарынан бөлек, елордада Тәуелсіздік күніне орай 100-ге жуық іс-шара өткізілмек. Оның ішінде мәдени және спорттық бағдарлама, мерекелік жиын, ғылыми конференциялар бар. Сонымен қатар қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық шаралары да жоспарланған.

Диана Қадыр, Әли Тұрғанбек Қайрат Кальянбеков