Енді тұрғындар мен қала қонақтары тегін коньки теуіп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Жаңа жоба қысқы спорт пен экологиялық мәдениетті дамыту үшін демеушілер есебінен жүзеге асты.
62 жастағы Мұрат Жантеев немерелерін ертіп, ашық мұз айдынына ерте келді. Спортпен шұғылданған баланың денесі шымыр, бос уақыты белсенді өтеді деп санайды. Сондай-ақ коньки теуіп жарысқан жастардың салауатты өмір салтын ұстануға бейім болатынын айтады.
Мұрат Жантеев, қала тұрғыны:
- Мен өзім 1996 жылдан бері осы Шымкентте тұрамын. Оның алдында да осында болғанмын біраз. Мұндай ашық аспан астындағы катокты бірінші рет көріп отырмын. Эмоционалдық тұрғыдан өте жақсы әсер береді. Адам денсаулығына да өте пайдалы. Барлығы азаннан бастап жиналып жатыр. Осы жастардан болашақта жақсы-жақсы спортшылар шығады деп ойлаймын.
Мұз айдынында келушілердің қауіпсіздігі ескерілген. Оларға кәсіби нұсқаушы қызмет көрсетіп, тепе-теңдікті сақтауға, сырғанаудың әдіс-тәсілдерін меңгеруіне көмектеседі. Осылайша алғаш коньки киген балалар мен ересектер де тез бой үйретеді.
Қуаныш Ерболат, нұсқаушы:
- Кәсіби нұсқаушы ретінде келушілерді жан-жақты қадағалаймыз. Келушілер бірден коньки теуіп кетуіне көмектесеміз. Барынша үйреніп кетуіне атсалысамыз. Келушілер өте көп. Демалыс уақыттарында өте көп болады. Бұл жердің сыйымдылығы 100-150 адамға дейін.
Айдынға арнайы мұздатқыш жүйе орнатылған. Заманауи технологияның арқасында мұз сапасы тұрақты түрде сақталып, кез келген ауа райында сырғанауға мүмкіндік береді. Мұз беті әр 2 сағат сайын тазартылып отырады. Жалпы жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қыс мезгілін қызықты әрі белсенді өткізу үшін дәл осындай төрт бірдей ашық мұз айдыны құрылды. Олар Арбат алаңы мен халық көп жиналатын қоғамдық орындарда орналасқан. Конькиі бар келушілер сырғанаққа тегін кіргізілсе, өзгесі жалға алу қызметін пайдалана алады.
Сала мамандарының айтуынша, жалдау ақысынан түскен қаражат мұз айдындарының қызметіне жұмсалады. Яғни электр жарығының төлемі, жұмысшылардың жалақысы мен техникалық қызмет көрсету шығындарын өтеуге бағытталады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов