Петропавлда желтоқсан айында ашылған балабақша жұмыс істемей тұр. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі қайтарылған активтер есебінен салынған. Оның құрылысына арнаулы мемлекеттік қордан 2 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген екен. Бірақ халық игілігіне салтанатты түрде тапсырылған әлеуметтік нысан сол күйі қайта жабылған. Арнамызға ата-аналар хабарласып, ақпараттық көмек сұрады.
Петропавлдағы «Жас өркен» мемлекеттік балабақшасы былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, балаларға жаңа жылдық сыйлық жасаған. Бірақ қазір ғимарат маңы тым-тырыс.
Желтоқсан айында ашылған «Жас өркен» бөбекжай-балабақшасы бірде-бір күн жұмыс істемей жабық тұр. Міне, ғимараттың барлық есігі жабық.
Қазақ тілінде білім беретін балабақша ашылған күні «Жас өркен» шағын ауданында тұратын ата-аналардың қуанышында шек болмады. Бірақ ұзаққа бармады. Ресми түрде тапсырылған нысан қайта жабылып, әлі күнге дейін істемей тұр.
Ғабдолуахаб Қошығалдынов, қала тұрғыны:
-Бұл садик желтоқсан айында ашылған. Әлі істемей тұр. Балалардың кіріп-шыққаны көрінбейді. Біз енді орталыққа балаларды апарамыз немерелерімізді. Әрине жабылып қалғаны дұрыс емес. Ашылған соң салтанатты түрде істеу керек деп ойлаймын енді.
Майра Жанбекова, қала тұрғыны:
-Біз енді ойлағанбыз біздің мұнда балапандарымыз көп, бітти балаларымыз, немерелеріміз бұл неге созылып тұр деп соны ойлаймыз. Ашылса оңды болар еді.
280 орындық балабақша қайтарылған активтер есебінен салынды. Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, нысанның ашылмай қалуына құжаттардың рәсімделмеуі себеп болған. Қазір бұл мәселе шешілуге жақын.
Динара Рақышева, қалалық білім бөлімінің басшысы:
-Бүгінгі таңда техпаспортты рәсімдеу өтінімі берілді. Келесі аптада санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға өтінім беріледі. Осыдан кейін бұл мекемеден орын алу үшін Индиго жүйесіе кіру қолжетімді болады.
Мамандардың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымы жақын арада ашылады. Жалпы қала бойынша балабақша кезегінде 2 мыңға жуық бала тұр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков Петропавл «Хабар»